Павлодарда өтетін қысқы ультрамарафонға әуесқойлар мен ардагерлер жиналады
Жарыс алты сағатқа жоспарланған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Қысқы ультрамарафон 8 ақпанда Павлодардың орталық стадионында өтеді. Жарысқа жеңіл атлетикаға қызығушылық танытқан әуесқойлар мен ардагерлер қатысады. Ерлер мен әйелдер үш жас санаты бойынша сынға түседі: 20–39 жас, 40–54 жас және 55 жастан жоғары.
– Жеңімпаздар мен жүлдегерлер Павлодар қаласының дене шынықтыру және спорт бөлімі атынан дипломдар, медальдар және бағалы сыйлықтармен марапатталады. Ерлер мен әйелдер арасындағы абсолюттік жеңімпазға арнайы сыйлық қарастырылған, – деді ұйымдастырушылар.
Ультрамарафон жыл сайын өткізіліп, Қазақстанның мықты спортшыларын біріктіретін игі дәстүрге айналды. Қазіргі таңда 60-тан астам адам қатысуға ниет білдіріп, төзімділігін сынауға дайын. Павлодарға Семей, Қарағанды, Өскемен, Балқаш, Астана, Алматы және Петропавл қалаларынан жүгірушілер келеді.
Қаңтар айының басында Қарағандыда осындай 12 сағаттық жарыс өтті. Дәстүрлі марафон 17-рет ұйымдастырылып, еліміздің үздік жүгірушілерін жинады. Екібастұздық Вячеслав Килясов 117 шақырымды 200 метрлік жолмен шамамен 600 айналым жасап, үшінші орынға ие болды. Қазір ол жаңа жарыстарға белсенді дайындалып, аязға қарамастан жаттығуын тоқтатқан жоқ.