Павлодарда алаяқтық әрекет дер кезінде тоқтатылды
«Алаяқтықтан қорғау күні» аясында бір күнде ондаған қылмыстың алды алынды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Қазақстанда Бас прокуратураның бастамасымен «Алаяқтықтан қорғау күні» акциясы өтті. Іс-шара ІІМ, «Киберпол», Цифрлық даму министрлігі, байланыс операторлары мен банктердің қатысуымен ұйымдастырылды.
Акция барысында бір күн ішінде нақты уақыт режимінде алаяқтық белгілері бар қоңыраулар анықталып, жедел шаралар қабылданды. Байланыс операторлары күмәнді қоңыраулар туралы хабарлап отырса, банктер алаяқтық әрекеттерге қатысы бар тұлғалардың шоттарын уақытша бұғаттады. Ал полиция қызметкерлері тұрғындармен түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
– Мәселен, Павлодар облысының бір ауданында тұрғын алаяқтарға SMS-кодын айтып қойған. Алайда дер кезінде шоттар бұғатталып, оқиға орнына келген полиция қызметкері оның телефонына «СТОП кредит» функциясын орнатуға көмектескен, – деді ҚР Бас прокуратурасының баспасөз орталығы.
Осындай тәсілмен Ақмола облысында да алаяқтықтың алдын алу мүмкін болды – тұрғынға онлайн несие рәсімдеуге шектеу қойылып, шоттары уақытша бұғатталған.
Жалпы бір күн ішінде 51,5 миллион теңге сомасына 37 алаяқтық дерегінің алдын алу қамтамасыз етілді.
Акция барысында алаяқтардың ең жиі қолданатын үш тәсілі анықталды: емхана атынан тексерілуге жазылу туралы қоңыраулар, электр есептегіштерін ауыстыру сылтауы және инвестиция ұсыну.
Құзырлы органдар мұндай қоңыраулар түскен жағдайда ақпаратты тек ресми арналар арқылы тексеруге және ешкімге SMS-кодтарды бермеуге шақырады.
Сондай-ақ азаматтарға «eGov» мобильді қосымшасы немесе банктердің сервистері арқылы «СТОП кредит» функциясын қосу ұсынылады. Бұл онлайн несие рәсімдеуге шектеу қойып, алаяқтардың әрекеттерінен қорғануға мүмкіндік береді.