100 павлодарлық оқушы «Махамбет оқуларында» бақтарын сынайды
Қалалық оқу кезеңінің жеңімпаздары байқаудың облыстық кезеңіне қатысады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«Павлодар дарыны» бос уақытты қамту және балалардың дарындылығын дамыту орталығы 17 қыркүйек күні сағат 10:00-де республикалық «Махамбет оқулары» байқауының қалалық кезеңін өткізеді.
Байқауға қаланың 39 жалпы білім беретін мектебінен 8-11-сынып оқушылары қатысады. Қатысушылар саны – 100 адам.
Махамбет оқулары бес бағыт бойынша өткізіледі.
– «Ұлы арман» бағытында оқушылар Махамбет шығармаларынан иллюстрациялық суреттер салу керек, «Ел құтқарар ер едім...» бағытында ақынның шығармаларын жатқа оқыса, «Шашақты найза, шалқар күй» бағытында қатысушылар Махамбеттің күйлерін орындайды. «Тартынбай сөйлер асылмын...» бағытында жас ақындар өз туындыларын мәнерлеп оқиды, ал «Біз неткен ер, неткен ер? Сергелдеңмен өткен ер» бағыты «Хандар мен ел билеушілер», «Батырлар» тақырыбының бірін қорғауға бағытталған, – дейді қалалық білім беру бөлімінде.
Байқау қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер I, II, III дәрежелі дипломдармен марапатталады. Қалалық оқу кезеңінің жеңімпаздары конкурстың облыстық кезеңіне жолдама алады.
Өтетін орны: Бұқар жырау көшесі, 9/1 – №2 жалпы орта білім беру мектебі.