Павлодар облысында ауыл мұғалімдерінің кәсіби біліктілігі арта түсуі мүмкін

Тірек мектептерінің ұстаздары шағын жинақты мектептегі оқушыларды онлайн оқытады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
ҚР Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, 2023 жылдан бастап бұл білім ошақтарының сапасын арттыруға бағытталған ауқымды жоба «Ауыл мектебі – сапа алаңы» іске қосылды.
2024 жылы Павлодар, Ақмола, Қостанай, Батыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстарындағы 10 тірек мектеп пен 30 шағын жинақты мектеп осы жобаға қосылды. Ал 2025–2026 оқу жылында бұл тізімге тағы 1600 ауыл мектебі енгізілмек.
Жоба шеңберінде мектептер заманауи цифрлық және пәндік кабинеттермен жабдықталып, жоғары жылдамдықты интернетке қосылды. Ауыл мектебі үшін маңызды шешімдердің бірі онлайн оқытуды енгізу болды. Енді Павлодар облысындағы шағын жинақты ауыл мектептерінің оқушылары өз пәнінен кәсіби мұғалімдерден қашықтан білім ала алады.
— Жаңа жобаның арқасында тірек мектептерінің ұстаздары шағын жинақты мектептегі оқушыларды онлайн оқытады, яғни әр пәннен өз ісінің білікті маманы дәріс береді, – деді Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының президенті Назипа Аюбаева.
Ауыл мектебі сапа алаңы жобасы ауылдық білім ошақтарына серпін беріп отыр. Бұл бастама тек оқушылардың ғана емес, мұғалімдердің де біліктілігін арттырып, өңірлік теңсіздікті жоюға нақты қадам болуда. Павлодар облысының бұл бағдарламаға белсенді қатысуы өңірдің білім саласын дамытуға деген шынайы ниетінің көрінісі. Жоба жалғасуда, демек ауыл мектебінің болашағы жарқын болмақ.