Павлодарда алаяқтар кәсіпорын атынан тұрғындарды алдауда
Олар азаматтарға жұмысқа орналасуды ұсынып, қаражат сұрайды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«Eurasian Resources Group» халықаралық компаниясы баспасөз қызметінің мәліметінше, кәсіпорындар тобына белгілі бір ақыға жұмысқа орналастырып беруді уәде етуші алаяқтық деректері жиілеген.
– Алаяқтар өздерін «ERG қызметкерлеріміз» деп таныстырып, жұмысқа орналасуды ұсынып, тіпті үміткерді кездесуге шақырады, – деп ескертеді баспасөз орталығында.
Компания жұмысқа орналасқаны үшін ешкімнен ешқашан қаражат алмайтынын айтады. Компания қызметкерлері жұмысқа тұруға ниетті үміткерлерге тек корпоративтік поштадан хат жолдайды.
– Бізбен жұмыс істейтін ресми серіктестеріміз – рекрутинг агенттіктерінің өкілдері бұл қызмет үшін жұмысқа орналасуға ниеттілерден ешбір ақша алмайды, – делінген хабарламада.
Кәсіпорындар тобы тұрғындардан біреу жұмысқа орналасуды ұсынып, сол үшін ақы төлеуді талап етсе, онда төмендегі қызметтерге хабаласуды өтінеді:
- сайттағы жедел желі: erg.integrityline.org;
- жедел желінің байланыс телефоны: +7(800)080-82-36;
- электронды поштаның мекенжайы: compliance@erg.net.
Компаниядағы барлық бос орындар тізімі барлық ашық және сенімді жұмыс іздеу пл.формаларында жарияланады.
Әр үміткерге бос жұмыс орны туралы теңдей ақпарат беріліп, еш шектеусіз кез келген үміткер оған өтінім бере алады.