Бензин мен дизель отыны өндірісі бойынша Павлодар облысы көш бастады
Елімізде 2024 жылдың қаңтар-сәуір айларында бензин өндірісі 1,7 млн тоннаны құрады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Energyprom.kz сарапшыларының мәліметінше, бұл – өткен жылмен салыстырғанда 2,6%-ға аз. Осы уақытта дизель отынының өндірісі бірден 5,5%-ға, 1,6 млн тоннаға дейін қысқарған. Бұған дейін тиісті кезеңде бензин шығару қатарынан сегіз жыл, ал дизель отыны өндірісі қатарынан үш жыл өскен.
– Бензин мен дизель отыны өндірісінің басым бөлігі Павлодар мұнай-химия зауытына тиесілі: тиісінше 579,8 мың және 677,5 мың тонна. Шымкентте бензин өндірісі 542,3 мың тоннаны, ал дизель отыны 366 мың тоннаны құрады. Атырау облысындағы АМӨЗ-де 525 мың тонна бензин және 537 мың тонна дизель отыны шығарылды, – деп жазылған хабарламада.
Қазақстан бензин мен дизель отынын іс жүзінде импорттамайды және экспорттамайды. Мәселен, ағымдағы жылдың қаңтар-наурыз айларында бензин импортына ресурстардың тек 0,02%-ы ғана келген, ал экспорт мүлдем болмаған. Дизель отыны импортының үлесі тек 0,8%, ал экспорт үлесі 0,4% құрады.
Айта кетерлігі, қазақстандық тұтынушыларды сектордағы тапшылықтан қорғау үшін ҚР-дан жанар-жағармай экспортына заңмен тыйым салынған.