Павлодар облысы білім беру сапасы бойынша елімізде көш бастап тұр
ҚР Премьер-Министрінің орынбасары өңірдің бірқатар әлеуметтік нысандардың жұмысымен танысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Жұмыс сапары барысында Тамара Дүйсенова «Viamedis Pavlodar» ЖШС емханасына барды. Қаланың №4 емханасы МЖӘ жобасы аясында жеке компанияға сенімгерлік басқаруға берілген болатын. Бұл оның кадрлық әлеуетін кеңейтуге және нығайтуға, сондай-ақ инфрақұрылымын түбегейлі жақсартуға мүмкіндік берді. Нысан КТ, МРТ және басқа да заманауи медициналық қондырғылармен жабдықталған.
Сонымен қатар, облыс әкімі Асайын Байхановпен бірге өңірдегі медицина ұйымдары басшыларымен кеңес өткізілді. Онда медициналық қызмет сапасын жақсарту, жаңа технологияларды енгізу, оның ішінде дәрі-дәрмекті таңбалау мен қадағалауды енгізу мәселелері талқыланды. Қазір өңірлерге 11 мыңға жуық таңбаланған препарат жіберілді. Оның 600-і өңірдің дәріханалар желісіне жеткізілді.
Денсаулық сақтау вице-министрі Ержан Нұрлыбаев денсаулық сақтау жүйесінің жағдайы, саладағы қызмет көрсету сапасын жақсарту және халықты қамтуды ұлғайту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндады.
Бүгінгі таңда облыста 117 мыңнан астам адам сақтандырылмаған. МӘМС жүйесіне азаматтарды тарту үшін мекенжай бойынша жұмыс жүргізу міндеті қойылды.
— Азаматтардың мәртебесін анықтау маңызды. Жүйеге тартылмағандардың арасында мемлекет есебінен аударым жүргізілетін адамдар санаты болуы мүмкін. Ал еңбекке қабілетті азаматтарды жұмыспен қамту бойынша шаралар қабылдануы тиіс. Дәрілік заттарды таңбалау және қадағалау процесі контрафактілік өнімдерді айналымнан шығаруға бағытталған. Халық сапалы әрі сертификатталған дәрі-дәрмектерді қолданатынына сенімді болуы керек, — деді Тамара Дүйсенова.
Жұмыс сапары барысында вице-премьер Малайсары батыр атындағы орта мектепке барды. Мұнда ол оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, мектеп асханаларындағы төлем жүйесін цифрландыру, сондай-ақ оқушыларға кәсіптік бағдар беру бойынша жұмыстармен танысты.
Тамара Дүйсенова облыстың білім беру ұйымдары басшыларымен жиналыс өткізді. Онда сапаны арттыру мәселелері талқыланды. Қазір облыста 359 мектеп жұмыс істейді. Жобалық кеңсе құрылып, бірінші кезеңде 14 мақсатты білім беру мекемесінде білім сапасын көтеру үшін әдістемелік шаралар қабылдана бастады.
Вице-премьер Павлодар облысы білім беру сапасы бойынша елімізде көш бастап тұрғанын атап өтіп, білім беруді тұлғаны дамытудың көпдеңгейлі жүйесі ретінде қарастыра отырып, нәтижелерді әрі қарай жақсарту қажет екенін атап өтті.
— Павлодар облысы – білім беру сапасы бойынша қазір еліміздегі үздік бестіктің қатарында. Жақсы көрсеткіштерді сақтап қана қоймай, жоғарылатуға да ұмтылу маңызды. Мақсатты мектептерді анықтау қажетті шараларды қабылдауға мүмкіндік береді. Балабақша, мектеп, колледж, жоғары оөу орны жеке тұлғаны дамытудың дәйекті әрі өзара байланысты және көпдеңгейлі жүйесі ретінде қарастырылуы тиіс, — деп атап өтті Тамара Дүйсенова.
Бұдан бөлек, Екібастұз қаласында вице-премьер «Самғау» балалар шығармашылық үйінің құрылыс барысымен танысты. Жоба Мемлекет басшысының тапсырмасымен салынып жатыр. Былтыр қазан айында бюджеттен тыс қаражаттар есебінен басталған құрылыс қазіргі уақытта аяқталуға жақын.
Заманауи құрал-жабдықтармен қамтылған білім беру кешенінде 12 бағыт бойынша үйірмелер мен секциялар өткізілетін болады. Инклюзивтілікке ерекше назар аударылған — нысан ерекше қажеттіліктері бар балаларға толығымен бейімделген, сондай-ақ ата-аналарды психологиялық-педагогикалық қолдау орталығы да жұмыс істемек. Орталық қала балаларын мектептен тыс іс-шаралармен 32 пайыздан 70 пайызға дейін қамтуға мүмкіндік береді. Тамара Дүйсенова нысанның маңыздылығын атап өтіп, құрылыс жұмыстарын белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырды.