Павлодар облысында шыбын-шіркейге қарсы күреске дайындалуда

Павлодар облысында шыбын-шіркейге қарсы күреске дайындалуда
Фото: Валерий Бугаев

Облыс әкімдігінде 2025 жылғы дезинсекциялық науқан мәселелері талқыланды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі. 

Облыс әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, биыл дезинсекция бойынша жұмыстар 2024 жылы жасалған үш жылдық келісімшарттың аясында жалғасады. Биылғы жылы әуеден өңделетін алқаптың жалпы ауданы 172 мың га құрайды, бұл – өткен жылмен салыстырғанда 45 мың га артық. Павлодар қаласының 32 мың га жайылма аумағын, Ақсу қаласында және Павлодар ауданында 30 мың гектардан, Тереңкөл және Ақтоғай аудандарында 20 мың гектардан, сондай-ақ, Ертіс ауданында 40 мың га жайылма алқабын қамту жоспарлануда.

Облыс әкімі Асайын Байханов әуеден өңделетін алқаптың көлемін ұлғайтуды ескере отырып, қосымша техниканы тарту қажеттігін атап өтті. АН-2 маркалы 8 ұшаққа верификациядан кейін тағы екі борт келуі керек. Сондай-ақ, тосқауылмен өңдеу кезінде қолданылатын екі аэрозольді реттелетін дисперсия генераторына тағы екеуі қосылады. Олардың әрқайсысының қамту қашықтығы – 500 метрге дейін, сыйымдылығы – 1500 литрге дейін. Қолданылатын препараттың көлемі пропорционалды түрде 14,5 мың литрге дейін артады. 

Байер препараттарынан басқа, поляк өндірісінің жаңа жетілдірілген құралдарын қолдану жоспарлануда. Олар наурыздың екінші онкүндігінде жеткізіледі деп күтілуде. Жиналыста табиғатты қорғау мақсатында жіберілетін судың параметрлеріне байланысты болатын дезинсекциялық жұмыстарды жүргізу және ғылыми сүйемелдеу барысы жан-жақты талқыланды. 

– Ең бастысы, Ертістің табиғатты қорғау мақсатында жіберетін суының мерзімін жіберіп алмау. Аймақтағы су шаруашылығы жағдайларын талдаңыздар, еңбек ресурстарын дайындаңыздар, тиімді әдісті қолданып, өңдеуді ұйымдастырыңыздар. Барлық аудандарда жол карталары қабылданып, негізгі іс-шаралар анықталды. Иесіз су қоймаларын, үйлердің жертөлелерін өңдеу жұмыстарына дайындалыңыздар. Бұл жұмыстардың барлығы ерекше бақылауда және алдын ала орындалуы тиіс, – деп атап өтті өңір басшысы Асайын Байханов. 

Қазгидрометтің болжамы бойынша көктем ерте келіп, ауа температурасы нормадан 2 градусқа жоғары болады деп болжануда. Бүгінде Бұқтырма су қоймасында 38 км³ су бар, бұл – өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 8,6 км³ артық. Бұқтырма және Шүлбі су қоймаларына келетін су көлемінің болжамды ағыны орташа көпжылдық мәндерден 15 тен 40%-ға дейін жоғары. 

Облыс әкімі бекітілген алгоритмге сәйкес дезинсекциялық іс-шараларға жоспарлы дайындықты қамтамасыз етуді тапсырды. Жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасы қалалар мен аудандардың әкімдіктерімен бірлесіп бақылауды және үйлестіруді күшейтіп, аудандарға алдын ала баруы қажет.