Павлодарда ақсақалдар бата беруден сынға түсті

Байқауға қалалар мен аудандарда өткен іріктеу турында үздік деп танылған ақсақалдар қатысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
ҚМДБ-ның Павлодар облысы бойынша баспасөз қызметінің мәліметінше, Ислам және отбасы құндылығы жылы аясында Павлодар облыстық өкілдігінің ұйымдастыруымен Мәшһүр Жүсіп мешітінде ақсақалдар арасында «Ақ бата» бата беру байқауына іріктеу сайысы өтті.
Шараның ашылу салтанатында Павлодар облысының бас имамы Жолдас Қоспақұлы сөз алып, аталмыш шараның маңызы мен мәні туралы кеңінен түсіндірді.
Байқау жеңімпаздары шариғат пен дәстүрге сай мағыналы, міндетті түрде дастарханға бата беру және дін мен дәстүрге қатысты қосымша сұрақтарға жауап беру талаптары бойынша анықталды. Үздік үштіктен көрінген ақсақалдар және «Үздік дастархан батасы», «Жас келінге арналған үздік бата» аталымдары бойынша Алғыс хат және қаржылай сыйлармен марапатталды.
Байқаудың қорытындысы бойынша Павлодар қаласынан Амантай Тойшыбайұлы I орынды жеңіп алды. Қайрат Худжанов (Павлодар ауданы) – II орынды, Ерболат Дәуенов (Шарбақты ауданы) III орынды иеленді. Сәрсенбай Демеуов (Шарбақты ауданы), Тұрғанбек Төлегенов (Ертіс ауданы) аталымдар бойынша марапатталды.
Еске сала кетейік, байқау жеңімпазы биыл Түркістан қаласында өтетін республикалық бата беру байқауында Павлодар облысының үмітін арқалап, абырой-намысын қорғайды.