Павлодар облысының әкімі еңбек қауіпсіздігін толық бақылауда ұстауды тапсырды
Облыс әкімдігінде өткен аппараттық жиналыста Қарағандыдағы Костенко шахтасында қаза тапқандарды бір минут үнсіздікпен еске алды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық еңбек басқармасының басшысы Асқар Қапанов 2023 жылдың тоғыз айының қорытындысы бойынша қаланың кәсіпорындары мен ұйымдарында 78 жазатайым оқиға орын алғанын мәлім етті.
– Салдарынан 81 адам зардап шекті, оның ішінде 49 адам ауыр жарақат алды, екі адам қайтыс болды. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда жарақаттанудың 1-2%-ға артуы байқалады. Өңірде қызметкерлер арасында қайғылы жағдайлар мен кәсіптік аурулардың алдын алу бойынша түрлі іс-шаралар өткізіледі. 31 кәсіпорын жарақаттанудың нөлдік тұжырымдамасын, 21 кәсіпорын халықтық бақылау тұжырымдамасын енгізді. Бұл еңбек қауіпсіздігі ережелерін сақтай отырып, қоғамдық бақылауды қамтиды, – деді Асқар Қапанов.
Оның айтуынша, жұмыс орындарын жақсарту мақсатында 174 өндірісте орташа еңбек жағдайы бар объектілерде аттестаттау өткізілген. Іс жүзінде барлық ірі және орта кәсіпорындарда өндірістік кеңестер жұмыс істейді, олардың міндеттері – өз жұмыс орындарында еңбекті қорғау. Облыстың ірі және орта ұйымдарының бас техникалық басшысымен кәсіпорындар базасында тұрақты кездесулер өткізіліп, еңбекті қорғау қауіпсіздігі талқыланады.
Жарақаттанудың өсуіне жол берген кәсіпорындарда бақылау енгізіледі. Қазіргі уақытта «ЕЭК» АҚ, «КТЖ» Павлодар жүк тасымалы бөлімі және басқа да бірқатар кәсіпорындарда тексерулер жоспарланған.
– Облыста 46 мыңнан астам адам қауіпті еңбек жағдайлары бар жұмыс орындарда еңбек етеді. Бұл өте өзекті мәселе, – деді облыс әкімі Асайын Байханов.
Аймақ басшысы кәсіпорындардағы еңбек қауіпсіздігін толық бақылауда ұстауды тапсырды.