Павлодарда қауіпсіздік белдігі мен балалар креслосына бақылау күшейеді
Жыл басынан бері 10 мыңға жуық павлодарлықтың қауіпсіздік белдігін тақпағаны анықталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Тәртіп сақшылары жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жол қозғалысы ережелерінің сақталуын бақылау бойынша тұрақты негізде жұмыстар жүргізіп келеді.
Құқық қорғау органының мамандары жүргізушілер мен жолаушылардың қауіпсіздік белдіктерін пайдалану талаптарын сақтамауы жол-көлік оқиғалары салдарының ауыр болуына ықпал ететін себептердің бірі екенін атап өтті.
Десе де, ережеге бағынбайтындар саны әлі де азаймай тұр. Осы жылы Павлодар қаласында сегіз мыңнан астам жүргізуші қауіпсіздік белдігін тақпағаны үшін жауапкершілікке тартылған.
– Бұл құқық бұзушылық бір қарағанда елеулі емес болып көрінуі мүмкін. Алайда шын мәнінде ол жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады. Жол-көлік оқиғалары кезінде қауіпсіздік белдіктерінің адамдардың өмірін сақтап қалған жағдайлары жиі кездеседі. Өкінішке қарай, тәжірибеде қауіпсіздік талаптарын елемей, апат салдарынан ауыр жарақат алған адамдарға қатысты жағдайлар да аз емес, - дейді облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Полиция департаменті жеке автокөлікті пайдалану кезінде қауіпсіздік белдіктерін міндетті түрде тағуды, балаларды тасымалдау кезінде оларды қауіпсіздік белдіктерімен бекітуді, ал кіші жастағы балалар үшін арнайы автокреслоны пайдалануды қатаң ескертеді.