Павлодарда балаларды сырттай бақылаған ер адам қолға түсті
Оның әрекеті павлодарлықтардың ашуын туғызды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Әлеуметтік желіде тараған фотодан ер адамның біртүрлі киінгенін әрі мектептің сыртқы қоршауынан ішке телміріп қарап тұрғанын көруге болады.
- Бүгін сағат 16:35-те бейтаныс ер адам Павлодар қаласы №43 ЖОББМ қоршауынан балаларды бақылап тұрды. Полицияға 5 рет қоңырау шалып, хабарласа алмадық. Барлық операторлар бос болмады. Ата-аналар сақ болыңыздар, - делінген жазбада.
Осы жайтқа қатысты қалалық полиция бөлімі өз жауабын берді.
- Сағат 17:45 шамасында Павлодар қаласының ПІБ патрульдік полиция батальонының қызметкерлері № 43 ЖОББМ жанында 1970 жылы туған ер адамды ұстады. Ол облыс орталығында тұрады. Оның жеке басы анықталды. Ер адам полицияның учаскелік пунктіне жеткізілді, - делінген жазбада.
Сонымен қатар, тәртіп сақшылары жасы 50-ден асқан адамның әңгіме барысында өзін дұрыс ұстамағанын айтты. Осыдан кейін олар №7 бригаданы шақырып, ер адам ауруханаға жатқызған.