Павлодар облысында ұлы мотоцикл айдаған анаға 60 мың теңге айыппұл салынды
Жасөспірімнің көлік құралын басқаруға құқығы болмаған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттың мәліметінше, 9 мамырда Л.-ның кәмелетке толмаған ұлы жүргізуші куәлігі болмаса да, мотоцикл басқарған. Оны полиция қызметкерлері тоқтатқан.
Сот бұл жағдайды ата-ананың баланы тәрбиелеу және білім беру жөніндегі міндеттерін тиісінше орындамауы деп бағалады. Л.-ға қатысты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 127-бабының 3-бөлігі бойынша іс қаралды.
– Сот отырысында Л. кінәсін мойындап, болған жағдайдан кейін ұлымен профилактикалық әңгіме жүргізгенін түсіндірді. Сондай-ақ жұмыс істейтінін және баласын өзі тәрбиелеп отырғанын хабарлады, – делінген сот ақпаратында.
Заң бойынша бұл құқық бұзушылық үшін айыппұл немесе он тәулікке дейін әкімшілік қамақ көзделген.
Жаза тағайындау кезінде сот әйелдің кінәсін мойындағанын және асырауында кәмелетке толмаған баласы барын ескерді. Жауапкершілікті ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ.
– Сот айыппұл мөлшерін санкцияда көзделген 20 АЕК-тен, яғни 86 500 теңгеден 30 пайызға төмендетіп, өндіріп алынатын соманы 60 550 теңге мөлшерінде белгіледі, – деп хабарлады сотта.
Сот қаулысы заңды күшіне енді.