Павлодарлық дүкенде арандатушылық қағаз қалдырған тұрғынның қылығы сотта қаралды

Павлодарлық дүкенде арандатушылық қағаз қалдырған тұрғынның қылығы сотта қаралды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Ол өз кінәсін мойындады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Қалалық әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотында ұсақ бұзақылық фактісі бойынша іс қаралды (ӘҚБтК-нің 434-бабы 1-бөлігі).

Іс материалдарына сәйкес, 16 қаңтарда әйел Лермонтов көшесіндегі дүкеннің кіреберіс есігі мен витринасына «Біз тек орыс тілінде қызмет көрсетеміз» мазмұндағы хабарландыруды жабыстырған. Осылайша, ол қоғамдық тәртіпті және жеке тұлғалардың тыныштығын бұзатын, басқаларға құрметсіздік танытатын әрекеттер жасаған. Тұрғынның кінәсі оның айтқан сөздерімен, куәгерлердің айғақтарымен, бейнежазбамен, сондай-ақ, істің басқа материалдарымен дәлелденді. Бұл ретте әйел өз кінәсін толық мойындады және өкініш білдірді. Дүкенде әйелдің «Дайте пожалуйста бір фарш» деп айтылған сөзіне сатушы оған жауап ретінде орыс тілінде сөйлеуді сұраған. Бұл жағдай тұрғынды жоғарыдағы іс-әрекет жасауға итермелеген.

– Сот ҚР ӘҚБтК-нің 434-бабының 1-бөлігі бойынша әйел кінәсін мойындауын, өкінуін, құқық бұзушылықты алғаш рет жасағанын ескере отырып, кінәлі деп таныды, – деді Павлодар қаласының әкімшілік құқық бұзушылық жөніндегі мамандандырылған сотының баспасөз қызметінде.

Ол 55 048 теңге сомасында айыппұл төлейді. Сот шешімі заңды күшіне енген жоқ.