Павлодарда бау-бақшадан өрт шықты

Павлодарда бау-бақшадан өрт шықты
Фото: ТЖД баспасөз қызметінен

«Яблонька» бау-бақшасының аумағында құрғақ шөп жанды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі. 

Облыстық ТЖД баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, тілсіз жау туралы ақпарат 5 сәуір күні 101 операторының пультіне келіп түскен.

– Өрт сөндіру мамандары дереу шақырту орнына шықты. Белгілі болғандай иесіз қалған учаскенің аумағындағы құрғақ шөп пен жанына жиналған тақтайшалар мен ағаш құрылымдары жанған, - делінген хабарламада.

Жалынды ауыздықтау барысында өрт сөндірушілер оқиға  аумағынан төрт газ баллонын тапқан. Оның екеуінің көлемі 50 литр және екеуі 27 литр болған.

Өрт сөндірушілердің кәсібилігі мен үйлесімді іс-қимылдарының арқасында саяжай үйіне және басқа да көршілес учаскелерге оттың таралуына, сондай-ақ газ баллондарының жарылуына жол берілмеді. 

Зардап шеккендер жоқ. Қазіргі таңда себебі анықталуда. 

Облыстық ТЖД тұрғындарға өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтау қажеттігін еске салады.