Екібастұз әкімі «Самғау» орталығының басшылығымен кездесті

Бүгінде орталықта қосымша біліммен қамтылған балалар саны 5 мыңнан асты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Аян Бейсекин өзінің Instagram-парақшасында мәлімдегендей, осы жылдың 15 мамырына дейін тағы бірнеше бағыт іске қосылып, қамтылған балалардың саны 8 мыңнан асады. Бұл – жоба бойынша жоспарланған қуаттылықтың 100 пайызын құрайды.
– Бірқатар жұмыс мәселелерін талқыладық. Білікті педагогтер құрамын іріктеу – аса маңызды міндет, өйткені бұл білім сапасына тікелей әсер етеді. Сондықтан әріптестеріме кадрлық жұмыс пен еліміздің педагогикалық жоғары оқу орындарымен өзара байланысты нығайтуды тапсырдым, – деп жазды Аян Бейсекин әлеуметтік желіде.
Қала әкімінің айтуынша, орталықтың ашылуы Екібастұздың білім беру жүйесіне жаңа серпін берген.
– Біздің балаларымыз – жан-жақты дамыған, болашағы зор. Олар облыстық, республикалық және халықаралық жарыстарда елеулі бәсекелестік танытып жүр. Басты міндетіміз – олардың әрі қарай дамуына сапалы инфрақұрылыммен жағдай жасау, – деді Аян Бейсекин.
Әкімнің айтуынша, өңірдегі білім беру үдерістерінің ұйымдастырылуы облыс басшылығының және оның жеке бақылауында.
Посмотреть эту публикацию в Instagram