Павлодарда бос жатқан аумақтар жаңа демалыс орындарына айналады

Павлодарда бос жатқан аумақтар жаңа демалыс орындарына айналады
Фото: жасанды интеллект

Қоғамдық кеңістіктер тұрғындардың сұранысына сай абаттандырылуда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Қала әкімі Хасар Хабылбековтің қатысуымен өткен пресс-тур барысында мектепке дейінгі ұйымдар аумағын жаңғырту мәселесі талқыланды. Бұл жоба облыс әкімі Асайын Байхановтың қолдауымен биыл алғаш рет жүзеге асырылуда. 

Хасар Хабылбековтің айтуынша, балабақшалардағы ойын алаңдары балалардың жас ерекшеліктеріне қарай жабдықталады. Атап айтқанда, 2-4 және 4-6 жастағы бүлдіршіндерге арналған заманауи ойын элементтері орнатылады.

Сонымен қатар, шаһарда тұрғындардың бос уақытын тиімді өткізуіне арналған қоғамдық кеңістіктер саны артып келеді. Бұған дейін өңірде 37 шағын сквер салынса, биыл тағы бір жаңа демалыс аймағын ашу жоспарланып отыр.

Жаңа нысандардың орналасатын орындары тұрғындардың ұсыныстары негізінде анықталады.

– Қалада абаттандыруға болатын бос аумақтар бар. Тұрғындардың тілегін ескере отырып, демалыс орындарын жасап, оларды кезең-кезеңімен жүзеге асырамыз, – деді ол.

Әкімнің айтуынша, қаланы көркейту жұмыстары кәсіпкерліктің дамуына да ықпал етеді. Әсіресе, мерекелік шаралар мен концерттер кезінде қонақүйлер мен қоғамдық тамақтану орындарына келушілер саны көбейеді.

Пресс-тур кезінде тұрғындар қалада абаттандыру жұмыстары қарқын алғанын айтып, жергілікті биліктің өтініштерге жедел назар аударатынын жеткізді.