Мойылдыдағы соңғы асфальтсыз көше жөнделмек

Мойылдыдағы соңғы асфальтсыз көше жөнделмек
Фото: Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосурет

Ауылдағы жол мәселесі назарға алынды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар қаласының әкімі Хасар Хабылбеков Мойылды ауылының тұрғындарымен кездесіп, биыл атқарылған жұмыстардың қорытындысын шығарды. Жиында елді мекеннің инфрақұрылымын дамыту мәселелері көтеріліп, келесі жылға арналған жоспарлар талқыланды.

Ағымдағы жылдың екінші жарты жылдығында көшелерге жол белгілері орнатылды. Ата-аналардың өтініші бойынша «Қаба Строй» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің көмегімен Алашорда көшесінен №47 балабақшаға дейінгі тұйық жолға тас төселді. Бұдан бөлек, К. Кенжетаев атындағы мәдениет үйінің аумағы көгалдандырылып, ағаш көшеттері егілді.

Сондай-ақ қоқыс жинауға арналған алаңдар абаттандырылып, үш контейнер қойылды. Мектеп аумағы ретке келтіріліп, футбол алаңы жөнделді. Көше жарықтандыру тіректеріне сәндік консольдер әзірленіп, орнатылды. Ауыл ішіндегі рұқсатсыз қоқыс орындары жойылып, полигонды күзету қызметі қамтамасыз етілді. Күз мезгілінде ағаштарды бұтау жұмыстары да атқарылды.

– Ауылымызда асфальт төселмеген бір ғана көше қалды. Ол – ұзындығы 600 метр болатын Көкжиек көшесі. Келесі жылы осы мәселені қолға аламыз. Екінші мәселе – биыл құжаттары рәсімделген қоқыс полигонына қажетті қоршау орнату. Осы жұмыстарды алдағы жылы жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз, – деді Мойылды ауылының әкімі Жеңіс Әбікен.

Жиын соңында тұрғындар өздерін толғандырған мәселелер мен ұсыныстарын ортаға салды. Барлық өтініш назарға алынып, тиісті жұмыстарды жалғастыру көзделіп отыр.