Павлодарда ерекше балалардың ата-аналары зейнеткерлік жасты төмендетуді сұрады

Павлодарда ерекше балалардың ата-аналары зейнеткерлік жасты төмендетуді сұрады
Фото: Қазақстан халық партиясынан

Қазақстан халық партиясының (ҚХП) төрағасы Ермұхамет Ертісбаев жұмыс сапарымен Павлодар облысына келді, деп хабарлайды  @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Жастар бастамаларын дамыту орталығының алаңында өткен кездесу барысында аймақтың белсенділері, сондай-ақ партияның жаңа мүшелерінің 60-тан астам өкілі жиналды.

Жаңа мүшелердің қатарында ерекше қажеттіліктері бар балалардың ата-аналары, спортшылар, қарттар мен аудандардың белсенді азаматтары бар. 

Партияның облыстық филиалы төрағасының орынбасары Әлібек Ағыбаев партия төрағасының өзекті мәселелерді көтеретін адамдармен тікелей кездескені өте маңызды екенін атап өтті.   

Бұл ретте, ерекше қажеттіліктері бар балалардың ата-аналары зейнеткерлік жасты төмендету мәселесін көтерді. Төраға олардың тілегін ел билігіне жеткізуге уәде беріп, бұл мәселені байыпты түрде пысықтау қажет екенін айтты. 

Сондай-ақ әртүрлі спорт түрлерін қолдау, жастарды және аға буын ақсақалдарын қолдау бойынша сұрақтар көтерілді. 

– Бұл кездесу біздің партиямыздың одан әрі қызметіне оң серпін береді. Сондай-ақ, төрағаның қолынан біздің жаңа мүшелеріміз партия билеттерін алды. Жаңа адамдар, жаңа күштер біздің партиямызға қосылып, оның дамуына, тиісінше, елдің дамуына елеулі үлес қосатынына сенімдімін, – деді Әлібек Ағыбаев. 

Қазақстан халық партиясының төрағасы Ермұхамет Ертісбаев партия қатарына жаңадан қосылған адамдарға партия билетін тапсырған сайын зор қуанышқа бөленетінін атап өтті. Сондай-ақ  осындай сәтте қоғамда еліміздің тағдырына бей-жай қарамайтын, отаншыл азаматтардың қаншалықты көп екені байқалатынын айтты.