Павлодарда ерекше көрме өтті

Павлодарда ерекше көрме өтті
Фото: автор

Көрме жастарды рухани құндылықтарға жетелеуімен ерекшеленді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханада «Махаббат, қызық мол жылдар» атты «Кітапхана түні» әлеуметтік-мәдени акциясы ұйымдастырылды. Кеш аясында «Әйел ажары - Женское очарование» атты handmade зергерлі бұйымдар көрме- сатылымы өтті. Мұнда ұлттық нақыштағы әшекейлер мен түйреуіштердің алуан түрі болды. 

Көрме авторы, шебер Балғын Санатованың айтуынша, ол бұл істі үйде отырып бастаған.

- Этноәшекейлерді жасауды осы жылдың наурыз айынан бастап қолға алдым. Бұл іспен бос уақытымда,  көбіне кешкісін айналысамын. Негізгі мақсатым - қазақтың ұлттық бұйымдарын кеңінен таныту. Әрбір бұйым ұлттық мәдениетті дәріптеуге бағытталған және күнделікті өмірде қолдануға ыңғайлы етіп жасалады, - деді ол.

Шара қонақтарының бірі - Айдана Еркін мұндай бастамалардың жастар үшін маңызды екенін атап өтті. 

- Осындай кештер жас буынды рухани құндылықтарға жақындатады. Ұлттық өнер мен әдебиеті қатар ұсыну - өте жақсы идея.  Бүгінгі көрмеде ұсынылып отырған этноәшекейлер ұлттық болмысты жаңғыртып, қазақтың қолөнеріне деген қызығушылықты арттырады, - деді ол.

 Естеріңізге сала кетейік, «Кітапхана түні» аясында поэзия оқулары, көрмелер және түрлі интерактивті алаңдар жұмыс істеп, келушілерге мазмұнды әрі әсерлі кеш сыйлады.

Сонымен қатар, «Хат жазып тұр» атты хат жазу мәдениетін жаңғыртқан ерекше интерактивті алаң да осы кештің сәнін келтірген болатын.