Павлодарда поэзия мен кино, әуен мен сезім тоғысқан ерекше шара өтті

Павлодарда поэзия мен кино, әуен мен сезім тоғысқан ерекше шара өтті
Фото: автор

Махаббат пен өнер бір алаңда тоғысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

С.Торайғыров атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапхана қабырғасында кітап сүйер қауымға арналған түнгі бағдарлама ұйымдастырылды. Биылғы дәстүрлі шара махаббат тақырыбына арналып, келушілерге әсерлі әрі мазмұнды демалыс сыйлады.

Кеш барысында «Абай мен Тоғжан» алаңы, «Хат жазып тұр» сахналық қойылымы, «Бәрі махаббаттан басталады…» поэзия кеші, «Махаббат станциясы» кинозалы, «Махаббат әуендері» караоке залы, «LOVE GPT» интерактивті алаңы, «Сирек кітаптардағы махаббат әлемі» көрмесі, викториналар мен зергерлік бұйымдар көрме - сатылымы ұйымдастырылды. Әр алаң келушілерді түрлі форматта тартуға бағытталып, әдебиет пен өнерді жаңа қырынан ұсынды.

Кітапхана басшысы Шолпан Шахметова шараның басты мақсатын атап өтті.

– Мақсатымыз – жыл сайын кітапханаға оқырманды тарту, баулу. Биыл екінші жыл Ұлттық кітап күні аталып өтіп жатыр, соған орай еліміздің барлық кітапханаларында «Кітапхана түні» ұйымдастырылуда. Биыл махаббат тақырыбын таңдадық, себебі бұл – жастарға жақын тақырып. Бүгін кітапханада сегіз бөлім жұмыс істеп тұр, әрқайсысы өз қиялымен келушілерді қызықтыратын алаңдар дайындады. Әдетте мыңға жуық оқырман келеді деп жоспарласақ, бүгін 800- ге жуық адам келеді деп күтіп отырмыз, – деді ол.

Шара барысында келушілер тек кітап оқып қана қоймай, поэзия тыңдап, кино көріп, ән айтып, интерактивті алаңдарда белсенді уақыт өткізді. Әдебиет пен мәдениетті біріктірген бұл кеш жастардың кітапқа деген қызығушылығын арттыруға бағытталды.

Осылайша, «Кітапхана түні» оқырман мен кітап арасындағы байланысты нығайтып, мәдени демалыстың жаңа үлгісін көрсетті.