Алғыс айту күнінде павлодарлық трамвайда құрт таратылады

1 наурызда 50-ден астам іс-шара өткізіледі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Көктем айының бірінші күні Алғыс айту күнімен басталады. Облыста осы күнге орай 54 тармақтан тұратын іс-шаралар жоспары әзірленді.
– 1 наурызда Қазақстан халқы ассамблеясының құрылған күніне орай мерейтойлық іс-шаралар да өткізіледі. Сағат 10:00-де «Достық үйінде» ҚР Мемлекеттік Гимні салтанатты түрде орындалады. Одан кейін республикалық және өңірлік дөңгелек үстелдер бір мезгілде өтеді, – деді облыстық ақпарат және қоғамдық даму басқармасының басшысы Әлнұр Сейдуманов.
Әлеуметтік жобалар мен аз қамтылған отбасыларды қолдауға бағытталған «Қайырымдылық керуені» қайырымдылық акциясы бастау алады. Облыстық ҚХА құрылымдық бөлімшелерінің жол және коммуналдық қызметкерлерге ыстық шай мен бауырсақ таратылады. ҚХА трамвайында (№5 маршрут) қала тұрғындарына құрт таратылады. Сондай-ақ, «Достық үйінде» ескерткіш тақтасы ашылады. Аналар кеңесі перзентханаларда жаңа туған сәбилерге сыйлықтар табыстайды. Этномәдени бірлестіктердің шығармашылық ұжымдары мен солистерінің концерттік бағдарлама өткізеді.
– Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығын атап өтуге арналған республикалық және облыстық жоспарлар негізінде бірыңғай облыстық іс-шаралар күнтізбесі әзірленді. Оған сәйкес, жыл бойы дәстүрлі және жаңа жобалар жүзеге асырылады. Сәуір айында «Халықтың бірлігі – өркендеудің негізі» облыстық этникалық мәдени фестиваль-байқауы деген жаңа жоба басталады. Іс-шара Екібастұз қаласында басталып, кестеге сәйкес облыстың қалалары мен аудандарында өткізіледі, – деді Әлнұр Сейдуманов.
1 наурызда қалалар мен аудандарда «Үлкендерге мың алғыс» ардагерлер мен құрметті азаматтармен кездесулер, облыстың білім беру мекемелерінде « Мың алғыс» шығармалар байқаулары, «Ризашылық пен Алғыс» сынып сағаттары, Бұхар Жырау атындағы әдебиет және өнер музейінде зиялы қауымның қатысуымен «Алғыс айту» дөңгелек үстелі, Г.Н. Потанин атындағы облыстық тарихи-өлкетану музейінде «Жүректегі алғыс» атты диалог кеші, И.Байзақов атындағы облыстық филармонияда Астана қаласынан келген Еркеғали Рахмадиев атындағы мемлекеттік симфониялық оркестрінің концерті және тағы басқа іс-шаралар көзделген.