Павлодар облысының тұрғындары Шәмші Қалдаяқовтың әндерін әуелетті
Қазақ вальсінің королінің туған күніне орай арнайы облыстық челленджі ұйымдастырылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бүгін — халқымыздың сүйікті композиторы Шәмші Қалдаяқовтың туғанына 96 жыл толды. Сазгердің сырлы әндері халықпен бірге жасап, уақыт өткен сайын өзінің өміршеңдігін дәлелдеп келеді. Оған облыстық жастар бастамаларын дамыту орталығы қолға алған челлендж дәлел.
— Осы айтулы күнге орай біз Шәмші Қалдаяқовтың шығармашылық мұрасын дәріптеуге арналған челленджді бастаймыз. Шәмшінің сырлы әндері — бірнеше ұрпақты тоғыстырған, халық жүрегінен ерекше орын алған асыл мұра. Біз өз челленджімізді бастап, Шәмші әндерінің бірін орындадық. Енді ән эстафетасын сіздерге жолдаймыз. Шәмшінің әндерін бірге шырқайық, - дейді бастамашыл топ жастары.
Жастардың игі бастамасын облыс тұрғындары толық қолдады. Шәмші әндерін еңбектеген баладан, еңкейген қарияға дейін шырқады. Челленджге барлық аудан мен ауылдың тұрғындары атсалысып, композитордың әндерін орындап, оны әлеуметтік желіде жарыса жариялады.
Мәселен, павлодарлық жастар сазгердің ең танымал «Арыс жағасында», «Бақыт құшағында», «Ана туралы жыр» әндерін шырқаса, облыстың ауыл-аймағындағы өнерпаздар «Сен сұлу», «Құрбым, жан құрбым», «Ақ бантик», «Ән, аға», «Кешікпей келем деп ең» әндерін нақышына келтіре орындады. Челлендж барысында байқағанымыз павлодарлықтардың арасында ең көп орындалған ән — «Арыс жағасында» болды.
Айта кетелік, Шәмші Қалдаяқов көрнекті сазгер, ән жанрының әйгілі майталманы, Қазақстан мәдениетіне еңбегі сіңген қайраткер, осы замандағы қазақ эстрадасының негізін салушылардың бірі, Қазақстанның халық әртісі.