Павлодарлық Dose жаңа әнін жарыққа шығарды
Павлодарлық музыкант, Dose лақап атымен танымал Айдос Жұмалинов ресейлік орындаушы BLIZKEY-мен бірлесіп жазған жаңа әнін тыңдарманға ұсынды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«Улетай» деп аталатын композиция қазірдің өзінде барлық музыкалық платформаларда қолжетімді. BLIZKEY үшін бұл қазақстандық поп және R&B музыкасының танымал өкілдерінің бірімен жасалған бірлескен жұмыс. Бұл бүркеншік атпен Абхазияның Гагра қаласында дүниеге келген музыкант Валера Майромян өнер көрсетеді. Оған кең танымалдық әкелген «Горы» әні әлеуметтік желілер мен музыкалық чарттарда көпшілік назарын аударған. Сондай-ақ оның репертуарында «Пляж», «Убегу», «Девочка-зима» және басқа да композициялар бар.
Ал Dose қазақстандық тыңдарманға жақсы таныс. Айдос Жұмалинов Павлодарда дүниеге келген. Музыкалық жолын үй жағдайында ән жазудан бастаған. Жеке шығармашылығына ден қоймас бұрын Скриптонитпен бірге жұмыс істеген. Кейін жеке орындаушы, саунд-продюсер әрі ән авторы ретінде танылды. Оның танымал туындыларының қатарында «Моя Мишель» тобымен бірге жазған «Пташка», сондай-ақ «Адреналин», «Вокруг света», «Солнце золотое» және «Сдаюсь» әндері бар.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
«Улетай» композициясы поп-музыка жанрында орындалған. Әннің негізгі тақырыбы — сезімдері біртіндеп суып, махаббаты тең болудан қалған екі адамның қарым-қатынасы. Әннің лирикалық кейіпкері екеуінің арасында жақындықтан гөрі өкініштің көбейгенін мойындап, көз жасынсыз, бір-бірін кінәламай қоштасуды ұсынады.
Әннің көңіл күйі жаздың жылуы мен сезімдегі суықтықтың қарама-қайшылығы арқылы беріледі: далада шілде болғанымен, кейіпкерлердің арасындағы қарым-қатынаста қаңтар орнағандай. Соған қарамастан, композиция мұңды балладаға айналмайды. Қайталанатын «Улетай» қайырмасы әнге жеңіл әрі есте қалатын әуен сыйлаған.
Синглдің премьерасы күні кеше өтті. Әнді жазу және релизді дайындау жұмыстарына дыбыс режиссері Ibenji де атсалысқан. Ол композицияны сведение және мастеринг кезеңдерінен өткізген. Жобаға екі орындаушының шығармашылық топтары да қатысқан.
«Улетай» әнін қазір барлық стримингтік платформалардан тыңдауға болады.