Павлодарда ерекше жандарға арналған музыкалық кеш өтті

Павлодарда ерекше жандарға арналған музыкалық кеш өтті
Фото: Кітапханадан

Шара 15 қазан – Халықаралық ақ таяқ күніне орай ұйымдастырылды,  деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

 Облыстық көзі көрмейтін және нашар көретін азаматтарға арналған арнайы кітапханада оқырмандарға арналған «Жанашыр жүрек» атты әдеби-сазды концерт өтті.

Іс-шараның мақсаты – көру қабілетінен айырылған жандарға қоғам назарын аудару, олардың құқықтары мен қажеттіліктеріне түсіністікпен қарауға үндеп, қолдау көрсету және өнер арқылы көтеріңкі көңіл күй сыйлау.

Мерекелік кешке кітапхананың белсенді оқырмандары, Ә.Қашаубаев атындағы клубтың және Естай атындағы мәдениет сарайының өнерпаздары қатысты.

Кітапхана басшысы Алпысбай Әбдіұлы өз сөзінде Халықаралық ақ таяқ күнінің маңызына тоқталып, бұл күннің қоғамға ерекше жауапкершілік жүктейтінін атап өтті.

– Ақ таяқ – көру қабілеті бұзылған жандардың еркін қозғалысының нышаны. Ал 15 қазан – олардың күнделікті өмірде кездесетін қиындықтарына назар аударып қана қоймай, қоғам болып қолдау көрсету, тең мүмкіндіктер қалыптастыру және қолжетімді орта құру қажеттігін еске салатын маңызды күн. Әр адам өзін қоғамның толыққанды мүшесі ретінде сезінуі керек. Осындай кездесулер мейірімділікті арттырып, адамдар арасындағы жанашырлық пен өзара түсіністікті нығайтады, – деді кітапхана басшысы.

Концерт барысында «ДарКар» вокалдық дуэті, Динара Гайнутдинова, Еркебұлан мен Тоқтардың вокалды-аспаптық дуэті, Светлана Ещенкова және Естай атындағы қалалық мәдениет сарайының халықтық ардагерлер хоры ән шырқап, көрермендерге ерекше көңіл күй сыйлады.

Кеш соңында қатысушыларға өнері мен мерекелік шараға қосқан үлесі үшін Алғыс хаттар табысталды.

«Жанашыр жүрек» концерті мейірім мен ізгілікті дәріптеп, өнер арқылы жүректерді жақындастырған тағылымды кездесу болды. Бұл кеш әр адамның қадір-қасиетін құрметтеу, өзара қолдау көрсету және баршаға тең мүмкіндіктер қалыптастыру – ортақ міндет екенін тағы бір мәрте айқындады.