Павлодарлықтар республикалық жайдарманның финалында өнер көрсетеді

Павлодарлықтар республикалық жайдарманның финалында өнер көрсетеді
Фото: Павлодар жайдарман лигасы

Команда Астанадағы павлодарлықтардан қолдау күтуде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Республикалық жайдарман ойындарының премьер лигасының финалдық кезеңінде Павлодар өңірінің намысын қорғап, «Андриановка» жайдарман құрамасы өнер көрсететін болады. Бұл ойынға команда капитаны жаңа кейіпкерлер алып келетінін жеткізді. 

– Өз күшімізбен финалға дейін жеттік. Соңғы ойында тек мықтылар ғана ойнайды. Сол мықты деп саналған бес команданың тізіміне ендік– оның өзі жетістік. Бұл жолы жаңа кейіпкерлермен, халықтың жақсы көңіл күйге бөленуіне себепші боламыз деп ойлаймын. Павлодарлықтар, сіздерден қолдау күтеміз,–дейді Алмаз Сәлденбеков. 

Аталмыш ойында «Бізде осы», атыраулық «Құтқарушылар», астаналық «TAU», шымкенттік «Джеки шаңырақ» құрамасы мен жергілікті құрама «Андриановка» өнер көрсететін болады. 

Еске сала кетейік, бұған дейінгі ширек және жартылай финал ойындарында жерлестеріміз фаворит құрамаларды ойсырата жеңіп, әділ-қазылар алқасының көздеріне түскен болатын.