Мәшһүр Жүсіптің фотосы: Павлодарлық жәдігерлер Астанада көрсетілді

Мәшһүр Жүсіптің фотосы: Павлодарлық жәдігерлер Астанада көрсетілді
Суретті Абзал Рымбек ұсынды

Астанада Абай Құнанбайұлының 180 жылдығы тойлануда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Елорданың №101 орта мектебінде қазақтың бас ақыны Абай Құнанбайұлының 180 жылдығы аясында «Абайдың» «Толық адам» ілімі – қазақ руханиятының темірқазығы» атты халықаралық ғылыми -тәжірибелік семинар өтті.

Ұйымдастырушылар – Астана халықаралық университетінің педагогикалық институты, қалалық білім беру басқармасы, қалалық «Әдістемелік орталығы» МКҚК, №101 орта мектебі.

Семинарда Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейі көпшіліктің назарына «Абай және алаш қайраткерлері» атты өңірдің белгілі тұлғаларының жеке заттары мен кітаптарынан құралған арнайы көшпелі көрме ұсынды.

–    Көрмеге Абай Құнанбайұлының 1909 жылы шыққан, Жұмат Шанинның 1928 жылы Ташкентте басылған «Арқалық батыр» кітаптарын, Жанбике Шанинаның 1920 жылғы салынған картинасын қойдық, – дейді музей қызметкері Абзал Рымбек.

Сонымен қоса, Жүсіпбек Аймауытовтың 1926 жылы Қызылордада жеке кітап болып басылып шыққан «Қартқожа» романының түпнұсқасы мен түскиізін, Иса Байзақовтың шапаны мен домбырасын, Мәшһүр Жүсіптің фотосы және бірге фотоға түскен Аллажар Әбдіразақұлының шапанын, Қошке Кемеңгерұлының 1923 жылы басылған «Қазақ тарихынан» кітабы мен Нәзір Төреқұловтың редакторлығымен «Темірқазық» атты журналдың түпнұсқасын, 1911 жылы Орынборда басылған Ахмет Байтұрсыновтың өлеңдер топтамасы «Маса» кітабын көрермендердің көзайымына ұсынған.

Шараға шетелдік ғалымдар мен қазақстандық ұстаздар қатысты. Семинарда қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдері өз баяндамаларын ұсынды.

Ғалымдар мен мамандар «Абай ілімі және ұлттық мектеп моделі: заманауи көзқарас», «Абайдың ақындық тұлғасы», «Абай мұрасын оқытудың теориясы мен практикасы» және тағы да басқа тақырыптар аясында ғылыми баяндамалар жасап, пікір алмасты.

Қатысушылар Абай шығармашылығын оқытудың жаңа әдістері мен формалары, сондай-ақ Абайдың «Толық адам» ілімі негізінде ұлттық рухани құндылықтарды білім беру үрдісіне интеграциялау жолдарын талқылады.