Павлодарда интернет алаяқтыққа қарсы тренинг өтті
Тренингке 150-ден астам адам қатысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Аталмыш тренинг Павлодар қаласының «Жастар бастамаларын дамыту орталығынан» бастау алды. «Alayaq.net» жобасы мен Жастар бастамаларын дамыту орталығы арасындағы ынтмақтастықты дамыту меморандумына қол қойылды.
Сонымен қатар, дәл осындай тренинг Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінің қабарғасында да ұйымдастырылды. Университетпен де ынтымақтастық меморандумына қол қойылды. Кездесу барысында қазіргі таңда актуалды, және қоғам үшін аса маңызды тақырыптар талқыланды.
Тренингтің ашылуында жобаның негізін қалаушы «Медицина жастары» РҚБ-нің төрағасы Абылайхан Әбдірәш сөз сөйлеп, жастар алдында осы мәселелердің ушығып келе жатқандығын айтты. Осы уақытқа дейін «Alayaq.net» жобасының 2023 жылы жеткен жетістіктерін, жоба аясында 2024 жылға жоспарланған жұмыстары жайында баяндады.
– Қазіргі таңда қоғамның дерті атанып кеткен лудомания. Бұл проблема тек ойыншыларға ғана емес, олардың жақындарына да қатысты мәселе. Алаяқтық схемалар кең етек жайып келе жатыр. Жастар алаяқтар қолданатын схемаларды білуі тиіс және олардың тұзағына түспеу керек, – дейді Абылайхан Әбдірәш.
Интернет алаяқтарды әшкерелеп, желіде танымал блогерлердің қалай жетістіктерге жетіп жүргендігін, лудоманияны жарнамалап, жастардың санасын улап жүргендерді халыққа паш етіп жүрген «Alayaq.net» жобасының негізін қалаушы Имаш Мира әлеуметтік желіде жастарды сақ болуға шақырды.
Сондай-ақ, жастармен инфобизнестегі алаяқ блогерлерді қалай анықтауға болатынын және олардан қорғанудың жолдары талқыланды.