Павлодар облысында балабақша тәрбиешілерінің жалақысы қаншалықты өсті?
Өткен жылдың күзінен бастап мектепке дейінгі ұйымдарда жұмыс істейтін қызметкерлердің еңбекақысы 30%-ға көтерілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз қызметінде Павлодар қаласы білім беру бөлімінің басшысы Қуаныш Қыдыралин мәлім етті.
– Бүгінгі таңда еңбек өтілі жоқ педагогтың жалақысы орта есеппен 178 мың теңгені, жоғары санатты 25 жылдан астам істейтін педагог-зерттеуші – 320 мың теңгені құрайды, – деді Қуаныш Қыдыралин.
Облыс орталығында мектепке дейінгі ұйымдарда барлығы 2029 педагог жұмыс істейді, оның 1449-да жоғары білімі бар. Ал Екібастұзда 883 педагогикалық қызметкер жұмыс істейді. Олардың ішінде 60 пайыздан астамында жоғары білімі бар.
– Тәрбиешілердің орташа жалақысы 180-215 мың теңге аралығында. Олардың біліктілігі, тәжірибесіне қарай 260 мың теңгеге дейін өсуі мүмкін, – деді Екібастұз қаласы білім беру бөлімінің басшысы Лаура Дисюпова.
Павлодар, Ақсу, Екібастұз қалалары білім беру бөлімдері басшыларының айтуынша, тәрбиешілердің тапшылығы мәселесі бар, алайда бұл сұрақ өз шешімін табуда. Себебі, жыл сайын колледж бен университетті бітірген мамандар қатарды толықтырып, жұмысқа кірісуде.