Павлодар облысында қылмыс саны азайды
Жалпы облыс бойынша қылмыс 1,3 пайызға төмендеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Павлодар облысы полиция департаменті басшысының бірінші орынбасары Жасқайрат Қайыров мәлім етті.
– Дәлірек айтқанда, адам өлтіру - 18,2 пайызға , денсаулыққа ауыр зиян келтіру - 11,4 пайызға , тонау - 10,5 пайызға , көлікті айдау - 25,5 пайызға, алаяқтық - 3,8 пайызға,оның ішінде интернет-алаяқтығы 15,3 пайызға төмендегені байқалады,– дейді Жасқайрат Қайыров.
Қоғамдық тәртіпті сақтау мен жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында күн сайын 510 полиция қызметкерлері және 130 5512 әскери бөлімінің әскери қызметшілері қызметке түседі.
Жүргізілген талдау негізінде ең көп зардап шеккен әкімшілік аумақтарда ауқымды жұмыстар жүзеге асырылды. Сауда үйлеріндегі ұсақ ұрлықтың алдын алу мақсатында «Атамекен» кәсіпкерлік алаңында бизнес нысандарымен жұмыс жүргізілді, нәтижесінде екі ірі сауда орталығында адам келбетін танитын бейнебақылау камераларының саны көбейтілді және криминалдық полиция қызметкерлерімен есепте тұрған азаматтардың фотосуреттері тұлғаны тану жүйесіне енгізілді.
Қазіргі уақытта Павлодар қаласында «Полиция жұмысының қазақстандық сервистік моделі» пилоттық жобасы жүзеге асырылуда.Жоба аясында полицияның ұйымдастырушылық стратегиясы азаматтарға жоғары сапалы полиция қызметін көрсетуге және қауіпсіздік мәселелерін шешуге бағытталған, басты мақсат - қоғаммен серіктестік.