Павлодарлықтар ұмыт болған мандала өнерінің қыр-сырына қанық бола алады

Павлодарлықтар  ұмыт болған мандала өнерінің қыр-сырына қанық бола алады
Фото: pexels.com

Облыстық кітапханада энергетикалық кескіндемелер-мандала көрмесі ұсынылады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Өнерге құштар ерекше адамдармен таныстыру мақсатында ұйымдастырылатын көрмеде  қонақтардың назарына Лилия Мингазованың «Қасиетті геометрия» энергетикалық кескіндемелер-мандала көрмесі қойылады. 

Лилия Мингазова – Екібастұз қаласының тұрғыны. 1987 жылы №5 мектепті тәмамдап, Целиноград колледжінің «әмбебап тігінші» мамандығына оқуға түскен. Кәсіби көркемдік білім алмай-ақ, сурет салуға деген құштарлығының арқасында қылқаламды жанына серік еткен Лилия үнемі өзін-өзі дамытумен айналысады. 2018-2019 жылдары  Алтай суретшісі Елена Карловадан білім алып, қазіргі заманауи өнерде танымал болып келе жатқан мандала стиліндегі энергетикалық кескіндемелерді бейнелеуді үйренеді.

Экспозиция 20-дан астам мандала стиліндегі кескіндеме жұмыстарынан, аралас техникада жасалған энергетикалық кескіндемелерден тұрады.

Мандала – адам мен әлемнің, үйлесімділіктің, бірліктің, тұтастықтың символы. Мандала – медитация жасауды, сананы жаттықтыруды үйренуге, сондай-ақ ғаламның белгілерін танып, білуге  көмектесетін ежелгі қасиетті бейне. Мандаланың ортасында әртүрлі халықтардың ою-өрнектерімен безендірілген әртүрлі руналар мен рәміздердің бейнелері орналасқан. Мандаланы салған кезде текстуралық паста, акрил, эпоксидті қарамай, тастар, моншақтар, бисерлер қолданылады.

Лилия Мингазованың шығармашылығы арқасында павлодарлықтар  ұмыт болған мандала өнерінің қыр-сырына қанық болады.