Жеңіске-80 жыл: Павлодарда майданда төте әріппен жазылған хаттар жарияланды

Жеңіске-80 жыл: Павлодарда майданда төте әріппен жазылған хаттар жарияланды
Фото: Есенжол Исабек

Іс-шараға майдангерлердің туыстары мен жерлестері қатысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

С.Торайғыров атындағы облыстық кітапханада Жеңістің 80 жылдығына және майдангер жазушы Қалмұқан Исабаевтың 100 жылдығына орай соғысқа қатысып, ерлік көрсеткен майдангер жерлестеріміз туралы ауқымды көрме ұйымдастырылды. 

Көрмеде музей қызметкерлерінің ғылыми-өлкетану экспедицияларының нәтижесінде табылған жәдігерлер таныстырылады. Атап айтқанда, майдангер жазушы Қалмұқан Исабаевтың Германия жеріндегі концлагерден өз қолымен салған суреттері, жазушы Дихан Әбілев, ақын Мұзафар Әлімбаевтың соғыс жылдары жарық көрген шығармалары мен қолжазбалары, фотосуреттері, Кеңес Одағының Батыры Серікбай Мүткеновтің 2008 жылы Украинадан арнайы әкелінген жауынгерлік каскасы мен 45 мм-лік зеңбіректің гильзасы көрермен назарына ұсынылды.  

Сондай-ақ, соғысқа Ертіс өңірінен аттанған майдангерлер Орхан Дүрманов, Бағау Нокин, Ғалымжан Мақашев, Құлмағанбет Қабылкенов және тағы басқаларының жеке заттары, қолжазбалары мен майданнан жазған хаттары, фотосуреттері көрмеде таныстырылады. Іс-шараға майдангерлердің туыстары мен жерлестері, зиялы қауым өкілдері қатысты.

Соғыс ардагері Бағау Нокин 1923 жылы туған, 1942 жылы мамыр айында соғыс майданына шақырылып, 1943 жылдың сәуір айында ауыр жарақатпен елге оралған. Көрмеге өлең шумақтарымен жазылған хаттары, қойын дәптері мен жеке заттары,  фотосуреттері қойылған. 

–  «Ерлік ұрпаққа ұран» дегендей, міне, сол ерліктің ұмытылмайтынын көріп қуанып жатырмыз. Әкемнің естеліктері мен хаттары латын әріптерімен жазылған. Бұл жинақтарды кішкентай кезімнен көрсем де, көп жылдардан бері аудара алмай, оқи алмадым. Бірақ соғыс кезінде әкемнің ойлары қандай болды, елге қандай аманат жазды, отбасына қандай хат жазғаны өте қызық болды. Сондықтан естеліктерді Бұқар жырау мұражайына тапсырғанмын, мұражай қызметкерлері аударып беріп, сол хаттарда не жазылғанын біліп жатырмыз, – дейді майдангердің ұлы Маратбек Нокин. 

Айта кетерлігі, Бағау Нокинның соңғы өмір тұрағы Аққулы ауданы, Қорт ауылы болған, сол жерде жерленген. Ол – Жеңістің 30 жылдығы қарсаңында сол елден майданған кеткен 105 бойдаққа арнап ескерткіш орнатқызуға себепші болған азаматтардың бірегейі. 

Бұдан бөлек, Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейі  майдангер жазушы Қалмұқан Исабаевтың 100 жылдығына орай мектеп оқушылары арасында ұйымдастырған «Ұранды елдің - ұрпағы қайсар» атты облыстық эссе байқауының нәтижесін жария етіп, жүлдегерлер марапатталды.