Павлодарда кәріз желісі үнемді әдіспен жаңартылады
Жер қазылмайтын болады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Асайын Байханов облыс орталығын аралау барысында 53 көпқабатты және 102 жеке тұрғын үйді сумен қамтамасыз ететін Исиналиев көшесінен Қайырбаев көшесіне дейінгі Ак. Сәтбаев көшесінің бойындағы d 500 мм шаруашылық су құбырын реконструкциялау жұмыстарын тексерді.
Бүгінгі таңда жаңа құбырдың 98 метрі төселген. 1 км желіні жаңарту қыркүйек айының соңына дейін аяқталады.
– Минин, Малайсары батыр, Бекмаханов көшелерінде ауқымды жұмыстар жоспарланған. Мұнда жерді қазбай, санация әдісімен d 500-1000 мм өздігінен ағатын 4 км коллекторды реконструкциялауда. Бұл – кәріз желісін жаңартудың ең үнемді және тиімді әдісі. Жұмыстарды қазан айының соңына дейін аяқтау жоспарлануда, – деп жазды аймақ басшысы өзінің Instagram парақшасында.
Сондай-ақ, облыс әкімі Ак. Шөкин мен Қамзин көшелерінің қиылысындағы ЖМ-13 жылу магистралінің құрылыс барысын тексерді. 2,5 шақырымды құрайтын жаңа желінің 250 метрі салынды, жұмыстар жалғасуда.
Асайын Байханов қала әкімдігіне құрылыс жұмыстарының барысын күн сайын бақылап, сапасына мән беруді және уақытында тапсыруын қамтамасыз етуді тапсырды.