Павлодарда 1200 орындық мектептің құрылысы басталды

Павлодарда 1200 орындық мектептің құрылысы басталды
Фото: Валерий Бугаев

Нысан келесі жылы пайдалануға беріледі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар қаласының Усолка шағын ауданында 1200 орындық жаңа мектептің құрылысы басталды. Білім беру мекемесі қаланың қарқынды дамып келе жатқан аудандарының бірінде бой көтеріп, оқушы орындарының тапшылығын азайтуға мүмкіндік береді.

Жұмыс сапары барысында құрылыс алаңына облыс әкімі Асайын Байханов барды. Оның айтуынша, бұл ауданда мектеп салу қажеттілігі бұрыннан туындаған.

– Бұл шағын ауданда ұзақ жылдар бойы оқушы орындарының тапшылығы бар, кейбір мектептерде балалар үш ауысымда оқуға мәжбүр. Сондықтан 1200 орындық үлгілік жобаны бейімдеп, дәл осы жерде жүзеге асыру туралы шешім қабылданды, – деді өңір басшысы.

Жалпы жер аумағы 2,6 гектарды құрайды, ғимараттың жалпы ауданы 11 мың шаршы метрден асады. Мектеп тоғыз блоктан тұрады: бастауыш және жоғары сыныптарға, әкімшілік бөлікке, кітапхана мен спорт залдарына арналған жеке корпустар қарастырылған. Сондай-ақ 800 орындық асхана да жоспарланған.

Білім ордасының аумағында толық өлшемді футбол алаңы, жүгіру жолақтары, волейбол және баскетбол алаңдары орналастырылады. Инфрақұрылымның бір бөлігі Усолка шағын ауданы тұрғындары үшін де қолжетімді болады.

Облыс әкімі мектеп заманауи жабдықтармен толық қамтамасыз етілетінін атап өтті.

– Білім беру мекемесі жиһаздан бастап қажетті оқу және техникалық жабдықтарға дейін толық жабдықталады. Біз негізгі құрылыс жұмыстарын жыл соңына дейін аяқтап, мектепті оқу үдерісіне қосуды жоспарлап отырмыз, – деді Асайын Байханов.

Мектеп екі ауысымда 2400 оқушыны қабылдай алады, ал жалпы сыйымдылығы 1200 орынға дейін жетеді. Бұл жақын маңдағы білім беру мекемелеріне түсетін жүктемені айтарлықтай азайтады.

Оқу ордасы келесі оқу жылының үшінші тоқсанына қарай толықтай оқушылармен қамтылады деп күтілуде.