Павлодар облысында газдандырудың екі нұсқасы қарастырылуда
Бұл туралы ҚР Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев Екібастұз қаласында халықпен кездесуде мәлім етті, деп хабарлайды @Рavlodarnews.kz.
Энергетика министрлігінің мәліметінше, кездесу барысында министр Павлодар облысын газдандырудың екі нұсқасы қарастырылып отырғанын айтқан. Бұл – газды өз ресурстары есебінен немесе Ресей Федерациясынан газ импорты есебінен газдандыру. Бірінші нұсқа шеңберінде Рудный – Астана – Павлодар – Семей – Өскемен – Зайсан бағыты бойынша батыс өңірлерден газ шығару мүмкіндігі қарастырылуда. Жобаның құны 778 млрд теңгеге бағаланады.
– Қазіргі уақытта QazaqGaz жобасын іске асыру үшін ТЭН әзірлеуде. Екінші нұсқа (Ресей Федерациясынан газ импорты) «Газпром» ЖАҚ-мен бірлесіп, Ресей Федерациясы – Қазақстан Республикасы – Қытай Халық Республикасы газ құбырын салу жөніндегі алдын ала ТЭН әзірлеу шеңберінде зерттеліп жатыр. Газдандырудың осы нұсқасы бойынша жобалау жұмыстары аяқталу сатысында, – деп атап өтті министр.
Министрдің айтуынша, ТЭН алдындағы және барлық бастапқы деректерді (газ бағасы мен келісімшарт талаптары) алғаннан кейін солтүстік-шығыс өңірлерді газдандырудың оңтайлы нұсқасы әзірленетін болады.
Еске сала кетейік, Алмасадам Сәтқалиев бейсенбі күні Павлодар облысы бойынша жұмыс сапары аясында Екібастұз қаласында өткен кездесуде тұрғындарға өңірдегі ірі энергетикалық объектілерді жаңғырту және реконструкциялау мерзімдері, Екібастұз ЖЭО жөндеу науқанының барысы, жылыту маусымына дайындық туралы баяндап, өзекті сұрақтарға жауап берді.