Павлодарда хат жазу мәдениеті сахнада жаңғырды
ХХІ ғасырда қолына қалам алып, хат жазатын жастар жоқтың қасы, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Өңірде «Кітапхана түні» аясында «Хат жазып тұр» атты жаңа форматтағы алаң жұмыс істеді. Шараның басты мақсаты - цифрландырылған заманда ұмыт бола бастаған хат жазу мәдениетін қайта жаңғыртып, сөз құдіретін көрерменге жеткізу.
Алаңда қатысушыларға театрландырылған қойылымдар көрсетілді. «Вояж» театры Александр Пушкиннің «Евгений Онегин» шығармасындағы Татьянаға жазылған хат аясында сахналап қойылым ұсынды. Сонымен қатар, педагогикалық университеттің «Ғибрат» театры Ілияс Жансүгіровтің Фатимаға жазған хатын және Ғабит Мүсіреповтің Раиса Мұхамедияроваға арналған хатын көрерменге қойылым арқылы жеткізді.
Кеш барысында жастар махаббат тақырыбындағы лирикалық әндерді шырқап, романтикалық көңіл-күй сыйлады. Сонымен қатар, «Мәдени орта клубы» тарихи би өнерін таныстырып, көрермендерді көне дәуір атмосферасына жетеледі.
- Қазіргі заманда барлығы телефонға тәуелді болып барады. Сондықтан біз хат жазу мәдениетін жаңғыртып, адамдарды ойландыруды мақсат еттік. Қолға қалам ұстап, сөздің қадірін ұмытпау керек. Осы идеяға сай алаңның атауын да арнайы қойдық. Жазылған хаттарды көрермендерге ұсынып, олардың қызығушылығын арттырғымыз келеді. Себебі көпшілігі хат жазудың мәнін толық түсінбеуі мүмкін, - дейді Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапхананың оқу залы секторының басшысы Гүлнұр Ілиясқызы.

Шараға қатысқан Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы актерлік мамандығының үшінші курс студенті Ақтілек Жұматовтың пікірінше, мұндай бастамалар жастар үшін ерекше әсер қалдырады.
- Бұрын хат жазу жайлы тек еститінбіз, ал бүгін оны сахнада көріп, мүлде басқа қырынан сезіндік. Әсіресе, махаббат хаттары бөлек сезім сыйлады. Қазір бәрі телефонмен сөйлескенімен, қолмен жазылған хаттың орны бөлек екенін түсіндік, - деді ол.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай бастамалар жастарды рухани құндылықтарға жақындатып, дәстүрлі мәдениетті жаңаша форматта танытуға мүмкіндік береді.
Еске сала кетейік, Павлодарда поэзия мен кино, әуен мен сезім тоғысқан, махаббат пен өнер бір алаңда үндескен ерекше «Кітапхана түні» шарасы өткен болатын.