Павлодар облысында суретшілер қимақ дәуіріне жан бітіріп жатыр
Суретшілер көне тарихты кенеп бетіне түсіріп, аталмыш дәуірдің тынысын бейнелеуге кірісті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар өңірінде қазақ бейнелеу өнеріндегі тарихи кезеңдерді көркем туындылар арқылы қайта жаңғыртуға бағытталған шығармашылық бастама жүзеге асырылып жатыр.
Шараны Нағымбек Нұрмұхаммедов атындағы облыстық көркемсурет музейі мен облыстың мәдениет, тілдерді дамыту және архив басқармасы қолдады. Бұл бастамаға облыстық бюджеттен екінші жыл қатарынан қаржы бөлінген.
«ҚИМАҚ-ART» аясындағы алғашқы шаралардың бірі – «Қазақ бейнелеу өнерінің шеберлері» көрмесі. Музей залдарында Қазақстанның әр өңірінен келген қылқалам шеберлерінің 97 жұмысы көпшілік назарына ұсынылды. Экспозициядан қазақ бейнелеу өнерінің сан алуан бағыттары мен жанрларын көруге болады.
Музей директоры Ақертіс Сұлтанбаевтың айтуынша, шығармашылық бастамаға Астана, Алматы және Шымкент қалаларынан төрт кәсіби маман қатысқан.
Қатысушылар қатарында ҚР Мәдениет қайраткері, ҚР Көркем академиясының академигі Мәжит Байтенов, белгілі кескіндемеші Хамза Кикимов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, академик Айнабек Оспанов және Астана қаласы суретшілер одағының басқарма төрағасы, академик Өмірәлі Исмаилов бар.
Музей директорының сөзінше, бастаманың басты ерекшелігі – тарихи мұраны археологиялық жәдігерлермен ғана шектемей, бейнелеу өнері арқылы көпшілікке түсінікті әрі әсерлі түрде таныстыру.
– Қазақстанның бейнелеу өнерінде Тәуелсіздік кезеңін арқау ететін, тарихи оқиғаларды визуалды түрде көрсететін ірі шығармашылық еңбектерде белгілі бір олқылық бар. Қимақ мемлекетіне қатысты археологиялық қазбалар мен жәдігерлер жеткілікті. Алайда сол дәуірдегі адамдардың киімі, тұрмыс-тіршілігі, мекендері секілді ерекшеліктерді көркем бейнеде көрсететін жұмыстар аз. Біздің мақсатымыз – осындай тың дүниелерді дүниеге әкелуге мүмкіндік жасау, – деді Ақертіс Сұлтанбаев.
Оның пікірінше, бір ғана картинаны тамашалау арқылы қылқалам шеберінің шығармашылық мүмкіндігін толық бағалау қиын. Сол себепті көрме барысында авторлардың ондаған еңбегі қатар қойылған.
Бастама аясында мамандар музей қабырғасында ғана емес, табиғат аясында да еңбек етеді. Алдымен олар Баянауылдың тарихи және табиғи нысандарын аралады. Кейін шығармашылық топ «Ертіс орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватының Шалдай филиалына қарасты Садықащы елді мекеніндегі қонақүй базасына жол тартты.
Шалдайда қылқалам шеберлері табиғи ортада пленэр өткізіп, жергілікті ландшафтты жаңа картиналарына негіз етеді.
– Баянауылды жақсы білеміз, жыл сайын ол жерде түрлі іс-шаралар ұйымдастырылып келеді. Суретшілердің өздері де басқа аймақтарды көргісі келетінін айтты. Сондықтан биыл оларды Шалдай резерватына алып келдік. Мұнда табиғат аясында шығармашылықпен айналысуға барлық жағдай жасалған, – деді Ақертіс Сұлтанбаев.
Пленэр кезінде авторлар майлы бояумен жаңа картиналар салады. Қажетті материалдар, жол шығындары және өзге де ұйымдастыру мәселелерін бастаманы жүзеге асырушылар қамтамасыз етеді.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, «ҚИМАҚ-ART» идеясы шамамен үш-төрт жыл бұрын пайда болған. Бастама тарихи кезеңдерді музейлердегі археологиялық жәдігерлер арқылы ғана емес, көркем еңбектер негізінде де визуализациялау қажеттілігінен туындаған.
Пленэр барысында салынған таңдаулы картиналар кейін музей қорына қабылдауға ұсынылады. Бұл бір жағынан ұлттық бейнелеу өнерін насихаттауға ықпал етсе, екінші жағынан Павлодардағы көркемсурет музейінің қорын жаңа жұмыстармен байытуға мүмкіндік береді.
«Қазақ бейнелеу өнерінің шеберлері» экспозициясы бір ай бойы келушілерге ашық болады. Ал «ҚИМАҚ-ART» бастамасының қорытындысы бойынша пленэр кезінде дүниеге келген картиналардан арнайы көрме ұйымдастыру жоспарланып отыр.
Ұйымдастырушылардың пайымдауынша, бұл бастама ұлттық өнер дәстүрін заманауи көркемдік ізденістермен ұштастырып, Қазақстан тарихын бейнелеу өнері арқылы жаңа қырынан танытуға жол ашады.