Екібастұзда театр құру қарастырылады
Кеншілер қаласында кәсіби театр сахнасын құру және қалалық театрды ашу мәселесі қарастырылуда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Асайын Байханов бұған дейін Екібастұздағы бұрынғы кеншілер мәдениет сарайының ғимаратын қараған болатын. Бұл – тұрғындар үшін мәдени іс-шаралар өткізілген, фильмдер көрсетілген маңызды орын.
– Бүгінгі таңда мұнда кәсіби театр сахнасын құру және қалалық театрды ашу мәселесі қарастырылуда. Ол үшін ғимаратты бюджеттен тыс демеушілік қаражат есебінен сатып алу жоспарлануда. Екібастұзда театр құру әлеуеті бар, – деді аймақ басшысы.
«Қайнар» кешені базасында 20 жылдан астам республикалық театр өнері фестивальдері мен конкурстарының бірнеше мәрте жүлдегері атанған «Маска» театр студиясы жұмыс істейді.
2020 жылы «Өнер» ҚМС-да «Бойтұмар» жастар музыкалық-театр үйірмесі ашылып, бірнеше маңызды қойылымдар сахналанды.
Облыс әкімі мәдениет және құрылыс басқармаларына ғимаратқа алдын ала техникалық сараптама жүргізуді, сарапшыларды тартып, театрды осы жерде орналастыру мүмкіндігін зерделеуді және жыл соңына дейін қайта құру бойынша ұсыныстар енгізуді тапсырды. Сондай-ақ, мәдениет басқармасына облыс орталығы мәртебесі жоқ қалаларда театрлар құру және жұмыс істеу тәжірибесін зерделеу тапсырылды.