Павлодарда «Кәсіби маман» байқауының жеңімпаздары марапатталды

Шара аясында өңірдегі кадр тапшылығы мен сұранысқа ие мамандықтар талқыланды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық кәсіпкерлер палатасы баспасөз қызметінің мәліметінше, бұл шара жұмысшы мамандықтарының беделін арттыру, колледждер мен кәсіпорындар арасындағы әріптестікті нығайту мақсатында ұйымдастырылды.
Байқаудың қорытындылары Кәсіпкерлер палатасының әлеуметтік мәселелер жөніндегі салалық кеңесінің отырысында жария етілді. Іс-шараға облыс әкімінің орынбасары Айгүл Мәлікова, Кәсіпкерлер палатасының директоры Ерқанат Абенов, облыстық білім басқармасының және колледждердің өкілдері қатысты.
Кәсіпкерлер палатасының директоры Ерқанат Абенов өңір кәсіпорындарының кадрларға деген сұранысын анықтау бойынша жүргізілген сауалнама нәтижелерімен бөлісті. 2025-2027 жылдарға арналған болжам бойынша өңірге 3312 маман қажет. Сұраныстың ең жоғары көрсеткіші Павлодар қаласына тиесілі – 1614 адам. Одан кейін Екібастұз – 641, Ақсу – 455. Ал ең төмен көрсеткіш Аққулы (1 адам) және Май (12 адам) аудандарында тіркелді.
Ерқанат Абеновтың айтуынша, ең жоғары сұраныс өнеркәсіп, білім беру, ауыл шаруашылығы, құрылыс және денсаулық сақтау салаларында байқалады. Бұл қажеттілік өндіріс көлемінің артуы, жаңа технологиялардың енгізілуі және халыққа қызмет көрсету салаларындағы білікті мамандарға сұраныстың өсуімен байланысты. Ең аз сұраныс қаржы, байланыс және әкімшілік қызметтер саласында тіркелген.
– Ең көп қажет мамандықтар: жол жөндеуші, аспаз, инженер, технолог, металлург, арматурашы, орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, автослесарь, сүт және сүт өнімдерін бөтелкеге құю желісінің операторы және тағы басқалар. 409 жағдайда білім деңгейі маңызды емес, – деді Ерқанат Абенов.
Облыс әкімінің орынбасары Айгүл Мәлікова өз сөзінде кәсіптік білім мен өндіріс арасындағы байланысты нығайту үшін облыста 2024 жылы 30 кәсіпорын 30 колледжге шефтік көмек көрсеткенін, биыл бұл бастаманы 40 кәсіпорын жалғастырып отырғанын атап өтті.
«Кәсіби маман» байқауы – Ұлттық кәсіпкерлер палатасы бастамасымен өткізіліп жатқан республикалық жобаның бір бөлігі. Байқаудың мақсаты – дуалды оқытуды дамыту, колледждердің үздік тәжірибесін тарату және жұмыс берушілермен серіктестікті арттыру.
– Байқау екі кезеңнен тұрады: іріктеу және республикалық. Өңірлік іріктеу қорытындысы бойынша үш номинацияда жеңімпаздар анықталды. «Кадр даярлауға қатысатын үздік кәсіпорын» ретінде «Қазхром» ТҰК» АҚ филиалы – Ақсу ферроқорытпа зауыты танылды. «Өндірістегі үздік тәлімгер» номинациясында «Нефтехим LTD» ЖШС маманы жеңімпаз атанды. Ал «Жұмысшы кадрларды даярлаудағы үздік серіктес колледж» болып Ақсу қара металлургия колледжі анықталды, – делінген хабарламада.
Жеңімпаздар дипломдармен және естелік сыйлықтармен марапатталды. Байқаудың республикалық кезеңі 2025 жылдың күзінде өтеді.