Павлодар облысының тұрғындары заңсыз сақталған қару жарақтарын сата алады

Павлодар облысының тұрғындары заңсыз сақталған қару жарақтарын сата алады
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Аталмыш заттарды ерікті түрде тапсыру акциясына 4 миллионнан астам қаражат бөлінді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, атыс қаруы мен жарылғыш заттарды қолдану арқылы қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында 2024 жылғы 22 сәуірден бастап облыс аумағында заңсыз сақталған заттарды халықтан сатып алу бойынша акция өткізілуде.

Ондай заттарды тапсырған азаматтарға мынадай айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде сыйақы белгіленеді:

  • автоматты ойық ұңғылы атыс қаруының әр бірлігі үшін бір жүз еселенген айлық есептік көрсеткішке дейін;ойық ұзын ұңғылы атыс қаруының (винтовкалар, карабиндер) әр бірлігі үшін елу еселенген айлық есептік көрсеткішке дейін;
  • қысқа ойық ұңғылы атыс қаруының (тапаншалар, револьверлер) әр бірлігі үшін қырық еселенген айлық есептік көрсеткішке дейін;
  • тегіс ұңғылы атыс қаруының әр бірлігі үшін отыз еселенген айлық есептік көрсеткішке дейін;
  • жарақат салатын тапаншаның немесе револьвердің әр бірлігі үшін он еселенген айлық есептік көрсеткішке дейін;
  • әрбір граната, мина, жару құрылғысы және артиллериялық снаряд үшін жеті еселенген айлық есептік көрсеткішке дейін;
  • жарылғыш заттардың әрбір 1000 грамы үшін алты еселенген айлық есептік көрсеткішке дейін;
  • калибрі 5,6 миллиметрден асатын ойық қару патрондарының әр бірлігі үшін айлық есептік көрсеткіштің отыз бестен бір бөлігіне дейін сыйақы;
  • калибрі 5,6 миллиметр (ұсақ калибрлі) ойық қару патрондарының әр бірлігі үшін айлық есептік көрсеткіштің жүз он бестен бір бөлігіне дейін сыйақы белгіленеді.

– Сыйақы мөлшерін белгілеу кезінде комиссиялар қару-жарақ заттарының техникалық жай-күйін ескереді, – дейді облыстық полиция департаментінің әкімшілік полиция бастығы Борис Әлімбаев. – Жай-күйін айқындау кезінде 3 санат қолданылады. Бірінші санатқа жатқызылған қарулар үшін төлем ұсынылған құнның 100 пайыз мөлшерінде, екінші санатқа 70 пайыз мөлшерінде және үшінші санатқа жатқызылған қару үшін төлем ұсынылған құнның 30 пайызы мөлшерінде жүзеге асырылады.

Бұдан бөлек,  криминалист-маманның қорытындысы негізінде атыс қаруы, оқ-дәрі немесе жарылғыш заттар болып танылмаған, «Криминалдық қару» және «Тіркелген қару» есебінде тұрған бұйымдар мен заттарға, қолдан жасалған оқ-дәріге, тегіс ұңғылы, газды және жарақат салатын қаруға арналған патрондарға сыйақы төленбейді.

Айта кетейік, қару-жарақ заттарын ерікті түрде тапсыруға төрт миллионнан астам ақшалай өтемақы бөлінді.