Павлодар облысында ресейліктен майнинг-фермасы тәркіленді
Ресей азаматы 4 миллиондық жабдықты лицензиясыз әкетпек болған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Ерекше тауарларды бақылау саласындағы заңға сәйкес майнинг-жабдықтары қос мақсаттағы тауарларға жатқызылады, өйткені әскери мақсатта да пайдалануға болады. Осыған байланысты мұндай жабдықтың экспорты ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін арнайы лицензия алу арқылы мемлекет тарапынан бақыланады.
– Ресей Федерациясының азаматы Қазақстаннан құны 4 миллион теңгеге жуық майнинг-техникасын сатып алып, уәкілетті органдардың лицензиясынсыз шетелге алып кетпек болған. Осы әрекеттері үшін Ресей азаматына аудандық соттың қаулысымен ӘҚБтК-нің 436-бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік жаза – майнинг-техникасын тәркілеумен 55 мың теңге айыппұл салынды, – дейді облыстық соттың баспасөз орталығында.
Айыппұлды төлеген құқық бұзушы тәркілеу туралы сот шешіміне шағымданған. Ол үшін тиісті лицензия алуға уәде беріп, оның күшін жоюды және тәркіленген тауарды қайтаруды сұраған.
Сот алқасы бірінші сатыдағы соттың тәркілеу туралы шешімінің күшін жоюға заңды негіз таппаған. Сондықтан, шағым қанағаттандырусыз қалдырылды. Қаулылар заңды күшіне енді.