Павлодарда өңірлерден шыққан суретшілердің туындылары көрмеге қойылды

Павлодарда өңірлерден шыққан суретшілердің туындылары көрмеге қойылды
Фото: автор

Туындылар Қазақстанның басты мерекелері – Елорда күні мен Ұлттық домбыра күніне арналды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Көрменің басты идеясы – қазақ музыкасының ұлы тұлғалары мен туған елдің сұлулығын бейнелеу. Экспозицияда Құрманғазы, Дина Нұрпейісова, Кенен Әзірбаев сияқты тұлғаларға арналған кескіндемелер ерекше орын алған. Мысалы, Қазақстанның танымал суретшісі Тоқболат Тоғысбаевтың Құрманғазыға арналған туындысы музыка мен кең даланың бірлігін, рухани тереңдігін шебер жеткізеді.

Сондай-ақ Гүлфайруз Ысмайылованың Дина Нұрпейісова бейнеленген туындысы ерекше әсер қалдырады. Ақ, қызғылт және қызыл түстер арқылы мерекелік көңіл күйді жеткізген бұл еңбек – ұлттық бояу мен нәзіктіктің үйлесімі. Одан бөлек, суретшінің орнаменталды фоны мен кейіпкердің ұсақ моторикасына дейінгі детальдары өнер иесінің терең сезімталдығын айқындайды. 

Көрмеде қазіргі суретшілердің еңбектері де бар. Мәселен, 2024 жылы Ерлан Айтуаров Баянауылда өткен пленэр кезінде Мұса Шормановтың портретін салып, көрмеге ұсынған. Бұл туынды көрменің жалпы тақырыбымен үндесіп, қазақ жерінің тарихы мен тұлғаларын жаңаша танытады. Көрмеге еліміздің әр өңірінен шыққан суретшілердің 27 туындысы қойылған, оның ішінде алты туындыны Павлодар қаласының суретшілері салған. 

— Құрманғазы туралы Тоқболат Тоғысбаевтың туындысы – көрменің басты суреттерінің бірі. Онда музыка дала үстінде қалықтап тұрғандай әсер береді. Бұл туындыда рухтың күші мен өнерпаздың шеберлігі тоғысқан, – деді Павлодар облыстық көркемсурет мұражайы қорларының бас сақтаушысы Ольга Пашко.

Елорда мен Ұлттық домбыра күніне арналған көрме – бейнелеу өнері мен ұлттық рухтың тоғысы. Онда тек суреттер ғана емес, сонымен бірге халқымыздың тарихы, музыкасы, өмір салты мен болмысы көрініс табады. Көрме шілде айының соңына дейін жалғасады. Бұл – тек павлодарлықтар үшін емес, қала қонақтары үшін де ұлттық өнермен қайта қауышуға мүмкіндік.

Әмина Жеңіс