Биыл Павлодар жаңаша түрленеді
Бұл туралы облыс әкімдігінде өткен аппараттық жиналыста қала әкімі Хасар Хабылбеков мәлім етті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
– Жоспар бойынша 80 аулада көріктендіру жұмыстары жүргізіледі. Аталған аулаларға 14 элементі бар балалар ойын алаңдары орнатылып, аула ішілік жолдарға асфальт төселеді, сыртқы жарықтандыру құрылғылары ауыстырылады. Асфальт төсеу және жарықтандыру бойынша мердігерлер анықталды. Балалар алаңдары бойынша конкурстық шаралар аяқталуға жақын, – деді Хасар Хабылбеков.
Сондай-ақ қала әкімінің айтуынша, сәуір айынан бастап 22 білім беру және екі денсаулық сақтау мекемесінің аумақтарын асфальттау жұмыстары басталады және ағымдағы жылғы 1 қыркүйекке дейін аяқтау жоспарланып отыр. Бұдан бөлек, 12 шағын футбол алаңын, 25 жаттығу кешенін, 30 стрит-воркаут және 25 стритбол алаңын, он шахмат үстелін орнату көзделіп отыр. Конкурстық шаралар аяқталуға жақын.
– Биыл Лермонтов көшесі жаңартылады, жол жөнделіп, жаяу жүргіншілер жолы салынады, шағын архитектуралық формалар, субұрқақтар орнатылып, гүлдер отырғызылады. Орталық жағажайдың шолу алаңы жөнделіп, жабындысы, жарықтандыру құралдары ауыстырылады. Тұрғындардың жыл бойы демалуына жағдай жасау үшін Усолка шағын ауданындағы экосаябақ көріктендіріледі, – деді ол.
Бұдан бөлек, ағымдағы жылы сегіз шағын сквер қайта қалпына келтіріледі. Вокзал алаңы жөнделіп, үлкен сағат реконструкциядан өтеді, теміржол көпіріне иллюминациялық жарықтандыру орнату бойынша конкурстық шаралар аяқталуда. Жұмыстарды ағымдағы жылдың 19 мамыр күніне дейін аяқтау жоспарланған.
Биыл бекітілген дендро жоспарға сәйкес, саябақтар мен бақтарда 20 мыңға жуық ағаш пен көшет, 35 мың шаршы метр аумақта гүл отырғызу, 20 мың шаршы метр аумақта көгал төсеу жоспарда бар. Жалпы аумағы 217 шаршы метр болатын төрт саябақ пен бақта автоматтандырылған суару жүйесін орнату бойынша жұмыстар жалғасады.
– Биыл алғаш рет қоғам өкілдері мен экологтардың қатысуымен ағаштарды формаға келтіру жұмыстары қыста басталды. Қазіргі уақытта бұл жұмыстар 75 пайызға орындалды. Жалпы ұзындығы 29,61 шақырым болатын 14 көшеде орташа жөндеу жұмыстары жоспарланған. Бұл ретте, асфальт жабындысы тозған, көлік қозғалысы жоғары көшелеріге негізгі басымдық берілді. Горторг және Дачный шағын аудандарында жалпы ұзындығы 6,82 шақырым болатын тоғыз көшеде ағымдық жөндеу жұмыстары жүргізіледі, – деді Хасар Хабылбеков.
Облыс әкімі Асайын Байханов облыс орталығын абаттандыру мәселесі кезек күттірмейтін сұрақтардың қатарында болуы керек екенін ескертті.
– Павлодар қаласы бойынша жоспарлар өте көп. Бұл жұмыстардың сапалы әрі уақытылы орындалуын назарда ұстау керек, – деді аймақ басшысы.
Сондай-ақ тұрғындар үшін жайлы және қолайлы орта жасау мәселесі жергілікті атқарушы органдардың күнделікті бақылауында болуы тиіс екенін еске салып өтті.