Павлодарлық оқушылар «Жігіттің жеті қасиеті» байқауында бақ сынады
Додаға қала мектептерінің 8-11-сынып оқушылары қатысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Қалалық білім бөлімінің мәлімдеуінше, «Павлодар дарыны» бос уақытты қамту және балалардың дарындылығын дамыту орталығымен бірлесіп Наурыз мейрамына орай «Жігіттің жеті қасиеті» атты байқауы өткізілді. Байқауға № 2 ,7, 17, 21, 24, 25, 29, 30, 35, 46, Малайсары батыр, Қ.Бекқожин, М.Әлімбаев, Ә.Бөкейхан, Б.Момышұлы, С.Торайғыров атындағы, Кенжекөл мектептерінің 8 - 11-сынып оқушылары қатысты.
- 7 турдан тұрған байқаудың негізгі шарты бойынша қатысушылар «Сәлем - сөздің анасы» кезеңінде өзін-өзі таныстырса, «Білгенге маржан» айдарында халық салт-дәстүрлері туралы баяндады. «Мақал - сөздің мәйегі» кезеңінде көркем интеллектуалды шеберліктерін таныта білді. Сонымен қатар, «Талантыңмен таң қалдыр» бөлімінде өз өнерлерін ортаға салса, жарысқа қатысты дәлдік және ептіліктерін «Күш атасын танымас» және «Ерен мылтық» кезеңінде дәлелдей алды. Ал үй тапсырмасына берілген «Шебердің қолы ортақ» бөлімінде өз хоббиі мен шығармашылығын көрсетуге мүмкіндік алды, - делінген хабарламада.
Байқау қорытындысы бойынша 10 қатысушы жүлделі орындарға ие болса, тағы 7 қатысушы арнайы аталымдарда марапатталды.
«Жігіттің жеті қасиеті» атты жарыстың I орыны №7 мектептің 10-сынып оқушысы Заңғар Мелісұлына бұйырды. Ол «Күш атасын танымас» жарысында алға оза шапты. 16 килограмм гирді 37 рет көтерса, «Талантыңмен таң қалдыр» байқауында Мұқағали Мақатаевтың «Аққулар ұйықтағанда» шығармасын сахналады.
Ал II орынды № 21,35, Қ.Бекхожин атындағы мектептердің 10-сынып оқушылары, III орынды № 2, 17, 25, 29, Б.Момышұлы атындағы, Кенжекөл ЖОМ 9 – 10-сынып оқушылары өзара бөлісті.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлер «Павлодар дарыны» орталығының дипломдарымен марапатталды.