Энергетика мамандары Ақсу құзыреттілік орталығында шыңдалады

Энергетика мамандары Ақсу құзыреттілік орталығында шыңдалады
Фото: Валерий Бугаев

Орталық энергетика саласындағы кәсіби білім беруге жаңа серпін берді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Жаяу Мұса атындағы Ақсу көпсалалы колледжінің базасында өткен жылдың сәуірінде ашылған құзыреттілік орталығы бірден теорияны практикаға айналдыратын алаңға айналды. 

Оның екі негізгі бағыты – VR-зертхана және «Температураны өлшеу әдістері» оқу жабдықтары студенттерге мамандықты меңгеріп қана қоймай, өндірістік процестерді виртуалды шындықта модельдеуге мүмкіндік береді. VR-көзілдіріктерді киіп, студенттер әртүрлі өндірістік сценарийлерге еніп, аудиториядан шықпай-ақ тәжірибе жинақтайды.

Колледж жетекшісінің оқу-өндірістік жұмыс жөніндегі орынбасар Аяжан Смағұлованың айтуынша, бұрын студенттер практикалық жұмыстарын  зертханалық стендтерде көз алдымызда жүзеге асыратын.

– Дайындық WorldSkills талаптарына сай жүргізіледі. Біздің мақсат – автоматика және энергетика бағыты бойынша жоғары деңгейлі мамандарды даярлау, өндіріс пен білімді біріктіру, – дейді Аяжан Смағұлова.

Бүгінде орталықта 45 студент білім алуда. Оларға қысымды өлшеу құралдары мен әдістеріне арналған бес оқу стенді орнатылған. Тәжірибе барынша шынайы жағдайға жақындатылып, дайындық деңгейі халықаралық стандарттарға сәйкес келеді.

– Енді біздің базада аймақтық, өңіраралық және республикалық WorldSkills жарыстарын өткізуге болады. Біз қатысушыларды дайындаймыз, бәсекеге қабілетті командалар жасақтаймыз, сарапшыларды оқытып, кәсіби қауымдастықты дамытамыз, – дейді колледж жетекшісінің орынбасары.

Құзыреттілік орталығы мектеп оқушыларына да жол ашты: мұнда демонстрациялық емтихандар өткізіліп, BabySkills және JuniorSkills бағдарламалары жүзеге асырылуда. Бұл балалардың кәсіби бағдарын мектепке дейінгі кезеңнен бастауға мүмкіндік береді.

ERG компаниясы орталықты жабдықтауға 75 миллион теңгеден астам қаржы бөлді. Мұндай инвестициялар нәтижесін беруде. Студенттер қала құраушы кәсіпорындардың тапсырысы бойынша оқып жатыр, ал колледж әлеуметтік серіктестердің қатарын – мектептерді, жоғары оқу орындарын және басқа колледждерді кеңейтуде. 

Айта кетейік, Павлодар облысы елде алғаш болып «Жаңа мамандықтар мен құзыреттер атласын» енгізді, ал «Колледждер альянсы» жобасы үш жыл ішінде оқу орындарын 550 миллион теңгеден астам заманауи жабдықпен қамтамасыз етті.

Республикалық «1000 салалық сынып» жобасы аясында өткен жылдың қыркүйегінен бастап облыстың 50 мектебінде 30 бағыт бойынша профильдік сыныптар ашылды. Бұл аймақтың кадрлық резервін қалыптастыруға тағы бір қадам болды.

Жаяу Мұса атындағы Ақсу көпсалалы колледжі Францияның беделді Academie de Paris академиясының мойындауына ие болды. Жақында Ақсу делегациясы Қытайдың ірі өнеркәсіп орталықтары мен жетекші техникалық университеттерінде тәжірибе алмасты. Бүгінде колледжде 800-ден астам студент 16 мамандық пен 47 біліктілік бойынша білім алуда, ал халықаралық аккредитация жұмысшы мамандықтарының сапасын растайды.

Бар-жоғы бір жылға жетпейтін уақытта құзыреттілік орталығы жаңа технологиялар мен халықаралық стандарттардың кәсіби білім беру жүйесін түбегейлі өзгерте алатынын дәлелдеді. Студенттер құрғақ теориямен шектелмей, нақты тәжірибе жинақтайды.