Асайын Байханов Павлодар облысының құрылысшыларын кәсіби мерекесімен құттықтады
Құрылысшыларға бірқатар наградалар табысталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Өңір басшысы заманауи қалалар мен ауылдардың келбетін қалыптастырып, экономиканың дамуына және тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға құрылысшылардың қосып отырған үлесі зор екенін атап өтті.

- Сіздердің еңбектеріңіздің арқасында тұрғын үйлер, мектептер, ауруханалар мен заманауи инфрақұрылымдық нысандар бой көтеруде. Әрқайсыңызға кәсібиліктеріңіз, жауапкершіліктеріңіз және өз істеріңізге деген адалдықтарыңыз үшін алғысымды білдіремін, - деді Асайын Байханов.

Соңғы үш жылда Павлодар облысында 1,5 миллион шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілді. «Сарыарқа» шағын ауданының құрылысы аяқталып, жаңа «Достық» шағын ауданында белсенді құрылыс жұмыстары жалғасуда. Облыстың аудан орталықтарында 15-тен астам көппәтерлі тұрғын үй салынып, ауылдық жерлерде 30 медициналық пункттің құрылысы аяқталды. Осы айдың өзінде екі жаңа мектеп пайдалануға беріледі: Екібастұз қаласының ауылдық аймағына қарасты Атығай ауылындағы 120 орындық мектеп және Ертіс ауданының Қызылқақ ауылындағы 100 орындық мектеп. Шілде айында Баянауыл ауылында заманауи визит-орталық есігін айқара ашты.

Павлодар қаласында 1200 орындық заманауи мектептің құрылысы жалғасуда. Сондай-ақ ірі инфрақұрылымдық жоба - Ертіс өзені арқылы өтетін жаңа көпірдің құрылысы жүзеге асырылуда. Алдағы уақытта әлеуметтік инфрақұрылымның ірі нысандарын салу жоспарлануда. Атап айтқанда, Павлодар қаласында Мұз сарайын, Конгресс-холл, әмбебап спорт аренасын, ал Екібастұз қаласында спорт сарайын салу көзделген.

Көп жылғы адал еңбегі, жоғары кәсіби біліктілігі және құрылыс саласын дамытуға қосқан үлесі үшін өңірдің үздік мамандары марапатталды. «Облыс алдындағы еңбегі үшін» төсбелгісімен құрылыс саласының ардагері Серік Қошымбаев марапатталды. Павлодар облысы әкімінің Құрмет грамоталары және Алғыс хаттарымен 16 қызметкер марапатталды. Еңбек ардагері Асылхан Көпешев пен «ГИДРОПРОМ» ЖШС учаске бастығы Михаил Тютюньков «Құрметті құрылысшы» медаліне ие болды. Сонымен қатар саланың тағы үш өкілі Қазақстан Республикасы өнеркәсіп және құрылыс министрінің Құрмет грамоталарымен марапатталды.
Суреттерді түсірген Валерий Бугаев.