Павлодар облысында ірі дорпер қойларын өсіру қолға алынуда
Тереңкөл ауданының шаруалары Германиядан аса өнімді асыл тұқымды қой әкелуде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облысымыз үшін мұндай жаңалық әкеліп жүрген шаруашылық – Tawa agro ШҚ. Кәсіпкер Дорпер тұқымды қой өсіруді қолға алған.
Аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылық бөлімінің басшысы Жұмағали Таукенов айтып өткендей, былтыр ауданға Германиядан 182 бас қой әкелінді, олардың 163 аналық қой.
- Қазіргі кезде шаруашылық асыл тұқымды қойдың төлін сатумен айналысуда. Дорперлердің 180 бас екінші легі келуі күтілуде. Олар қазіргі кезде Германияда карантиннен өтуде, - деді Жұмағали Таукенов.
Қойдың аталмыш тұқымы еттілігімен, өсімталдығы және суыққа төзімділігімен ерекше. Дорперлер Оңтүстік Африкада шығарылып, қысқа жүнімен және ірі тұрқымен белгілі – ересек қойдың бойы 80 сантиметрге дейін жетіп, салмағы 140 келіге дейін өседі.
Одан бөлек, Tawa agro ШҚ біздің өңір үшін тың мақсары дақылын егуді жоспарлауда. Алайда жауын-шашынның жоқтығынан егістік жұмыстары тоқтап тұр. Бұл майлы дақыл әлемдік нарықта жоғары сұранысқа ие. Майдың бір тоннасы 500-900 АҚШ долларына бағаланады. Сондықтан оны экспортқа шығару көзделуде.
Мақсарын егуді ауданда орналасқан «Покровка» ЖШС да қолға алуда. Бүгінде шаруалар жауын жауғанын күтуде. Ауданда барлығы екі мың гектар мақсары егуді жоспарлауда.
Фото: ашық дереккөздерден