Павлодарда мерзімі өткен вакциналарды механикалық қате деп түсіндірді
Емхана медбикесіне айыппұл салынды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
2023 жылы прокуратура медициналық мекемелерде мерзімі өткен «Пентаксим» препаратын қолданғанын анықтады. Вакцинаны №4 емханаға тіркелген үш жасқа дейінгі екі балаға салып үлгерген. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында облыстың санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Замзагүл Досжанова мәлімдеді.
Спикердің айтуынша, сол күні 169 медициналық манипуляция жасалған және базаға енгізген кезде механикалық қателік кеткен болуы мүмкін, – деді ол. – Вакцинация жүргізу журналын тексеру кезінде медициналық құжаттан екі дозаның мерзімі өтіп кеткені анықталды. Медбике бұл фактіні мойындамады.
Сондай-ақ оған халықтың санитарлық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы заңнама талаптарын, гигиеналық нормативтерді бұзғаны үшін ӘҚБтК-нің 425-бабы бойынша әкімшілік жаза тағайындалды.
Замзагүл Досжанованың айтуынша, емхананың бас дәрігері және айыптылар жазаланады. Бұдан бөлек, ата-аналар учаскелік дәрігерден немесе егу медбикесінен қандай вакцина қолданылатынын сұрап, препараттың бөтелкесінде сериясын, күнін және жарамдылық мерзімін көре алатынын айтты.
Айта кетейік, прокуратура 21 миллион теңгеден астам сомаға 9,5 мыңнан астам вакцинаны ұтымсыз пайдалану жағдайларын анықтады. Қазіргі таңда 21 медициналық ұйым мен үш қойма тексеріліп жатыр. Тексеру 20 ақпанда аяқталады.