Павлодарда жаңа медициналық орталық ашылды

Павлодарда жаңа медициналық орталық ашылды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Онда қант диабетінің асқынуларын емдеуге және аяқ-қолды ампутациялау қаупін азайтуға бағытталған ем-шаралар жүргізіледі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Бұдан былай Павлодардағы №1 қалалық аурухананың базасында жұмыс істейтін орталықта аяқтағы ұзақ уақыт жазылмайтын жараларды емдеуге және қан айналымын жақсартуға басымдық берілмек. 

Медициналық мекеме басшысы Нұрлан Жұмажановтың айтуынша, соңғы уақытта қант диабетіне шалдыққандар саны артып келеді. Аурудың асқынуы аяқтағы қан айналымын бұзып, жаралардың ұзақ уақыт жазылмауына әкелуі мүмкін. Ауыр жағдайларда аяқ-қолды ампутациялауға тура келеді. Сондықтан орталықтың негізгі міндеттерінің бірі – ампутация көрсеткішін тұрақтандыру.

– Емдеу үдерісі эндокринологтың қабылдауынан және аяқ тамырларына ультрадыбыстық зерттеу жүргізуден басталады. Егер науқаста қан айналымының бұзылғаны анықталса, пациенттер күндізгі стационарда ем ала алады. Мұнда қан тамырларын кеңейтуге және тіндердің қоректенуін жақсартуға арналған дәрілік препараттар қолданылады, – деді Нұрлан Жұмажанов.

Қажет болған жағдайда қан айналымын қалпына келтіру үшін жоғары технологиялық ангиографиялық жабдық пайдаланылады. Бұл зақымданған аймаққа қанның жеткізілуін жақсартуға және аяқ-қолды сақтап қалу мүмкіндігін арттыруға бағытталған.

Орталықта веналық жеткіліксіздік салдарынан пайда болған жараларды емдеудің жаңа тәсілдері де енгізіліп жатыр. Бұл бағытта аурухана Ұлттық ғылыми орталықпен бірлесіп жұмыс істейді.

– Келісім аясында жараның жазылуына ықпал ететін фибробласт жасушаларын пайдалану әдісі енгізіліп отыр. Яғни, зақымданған аймаққа жасанды тері орнатамыз, – деп түсіндірді Нұрлан Жұмажанов.

Дәрігердің айтуынша, ампутация жасау қажет болған жағдайда аяқтың мүмкіндігінше төменгі бөлігін сақтау маңызды. Өйткені кесілетін аумақ неғұрлым аз болса, науқастың кейінгі оңалту кезеңі де жеңілірек өтуі мүмкін.

Мамандар диабеттік табанның алдын алу үшін аяқ терісін күн сайын тексеріп, жарақатқа, қызаруға, ісінуге және басқа да өзгерістерге назар аударуға кеңес береді. Қандағы глюкоза деңгейін бақылап, дәрігерге тұрақты қаралу да маңызды. Аяқта жара пайда болса, оның өздігінен жазылуын күтпей, медициналық көмекке жүгіну қажет.

Аяқтағы өзгерістерді ерте анықтап, қажетті емді уақытында бастау қант диабетінің ауыр асқынуларының қаупін азайтып, аяқ-қолды ампутациялаудың алдын алуға көмектеседі.

Ал облыстық қант диабетімен ауыратын науқастар қоғамының төрағасы Татьяна Королеваның айтуынша, аталмыш дертпен ауыратындардың саны жыл сайын артып, тіпті, балалар арасында да көбейген.

– Қант диабетінің басты себептерінің бірі – дұрыс тамақтанбау, фастфуд өнімдері мен тәтті сусындарды мөлшерден тыс тұтыну. Аурудың алғашқы белгілері бірден байқала бермейді. Кейбір науқастар басқа мәселелер бойынша тексерілген кезде ғана диабетке шалдыққанын біліп жатады. Олардың шамамен 70 пайызында түрлі асқынулар кездеседі, – деді Татьяна Королева.

Дәрігерлер соңғы уақытта балалар арасында екінші типтегі қант диабетінің кездесуіне алаңдаушылық танытуда. Қазіргі таңда Павлодар облысында бірінші типтегі қант диабетімен ауыратын 200-ге жуық бала тіркелген болса,  екінші типтегі диабет диагнозы қойылған балалар саны 80-ге жуықтаған.

Ақ желеңділер патологияны бастапқы кезеңде анықтап, емдеуді кешіктірмеу ауыр зардаптардың қаупін төмендететінін ескертеді. Осыған орай тұрғындарға денсаулығын бақылап, профилактикалық тексерулерден жүйелі түрде өту ұсынылады.

Бекбол Мырзахан.