Павлодар облысында 11 жастағы қыздар папиллома вирусына қарсы екпе алады
Вакциналау ерікті түрде жүргізіледі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық онкологиялық диспансердің онкогинекологы Лаура Нұрсейітова мәлім етті.
– Адамның папиллома вирусы жатыр мойны обырын туындатады. Жыл сайын Қазақстанда жатыр мойны обырының 1900-ден астам жағдайы тіркеледі. Оның ішінде 600 әйел аурудан қайтыс болады,– деді Лаура Нұрсейітова.
Дәрігердің сөзінше, 2006 жылдан бері бүкіл әлем бойынша адамның папиллома вирусына қарсы вакциналау жүргізіледі.
– Екпе салдырып жатқан елдерде жатыр мойны обырының ауру көрсеткіші 70%-дан 90%-ға дейін төмендеді. Адамның папиллома вирусын және жатыр мойны обырын вакциналаудың көмегімен алдын алуға болады. Сондықтан күзден бастап Павлодар облысында 11 жастағы қыздарға адамның папиллома вирусына қарсы вакцинация науқаны басталады, – деп атап өтті спикер.
Айта кету керек, облыста онкологияға шалдыққандардың саны 13 мың адамды құрайды. Оның ішінде жатыр мойны обырымен 1152 әйел ауырады.
– Әйелдер көбінесе қатерлі ісіктің соңғы кезеңіне келген кезде дәрігерге жүгінеді. Ерте кезеңдерде бұл аурудың алдын алу керек,– деп түсіндірді Лаура Нұрсейітова.
Онколог мамандар 11 жастағы қыздарға ерікті келісіммен вакцина егеді. Ата-анасы келіспесе, баланы ешкім күштеп вакциналауға мәжбүрлемейді.